Қазақстандық спорт журналисі Аслан Қаженов Азия ойындарында Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкинмен сөзге келгенін айтты. Оның сөзінше, бокс жарыстарынан кейін Головкинге сәлемдесу үшін барған кезде, одан «ұятсыз» деген сөз естіген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Аслан Қаженов болған жағдайды әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Журналист бұған дейін Геннадий Головкин туралы жағымсыз ештеңе жазбағанын, керісінше, оған үлкен құрметпен қарағанын айтты.
– Бүгін нөлге түсті. Бокс сессиясынан кейін амандасып жатсам, “бесстыжый” дейді. Даңқты чемпион шығарсың. Бірақ адам болып қалу керек. (...) Бір елдің атынан келген соң, сол елдің мүддесі үшін күйіп-пісіп, сол елдің спортшылармен бірге қуанып, бірге мұңайып жүрген бір қазақтың баласымын. Бізде де намыс бар. Бізде де арын бар, – деп жазды Қаженов.
Өз жазбасында журналист қазақстандық спортшылар Виктория мен Ясминаны да атап, Головкиннен олардың нәтижелерін «қайтаруды» талап етті.
– Шындықты айттым. Шындықты айтамын. Көтіңе кірмеймін. Саған мен туралы кім не дегенін білмеймін. Өсек-аяңға ере бермей, нақты жұмыспен айналыс! Викторияның жеңісін қайтар! Ясминаның алтынын қайтар! Басқа да жұмыс жетеді. Өз еліңнен келген қаракөздерге сөзбен атылып, олай мұқата берме! Нақты іспен айналыс! – деді журналист.
Геннадий Головкин Аслан Қаженовтің мәлімдемесіне әзірше жауап берген жоқ. Ulysmedia.kz Ұлттық Олимпиада комитетіне болған жағдайға түсінік беру туралы сауал жолдады.
Контекст
Еске салайық, Азия ойындарында бұған дейін жеңіл атлет Ясмина Токсанбаева алтын медаль жеңіп алғанымен, кейін жарыстан шеттетілді.
Қазақстандық спортшының аяқ киімі жарыс талаптарына сәйкес келмегені анықталған. Осыған байланысты оның нәтижесі жойылып, алтын медаль Қытай спортшысына берілді.
ҚР ҰОК бұл шешімге апелляция бергенін хабарлады.
Геннадий Головкин Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетін 2024 жылдың ақпан айынан бері басқарып келеді.