Айдың басында аяз бен боран болады, алайда кейін күн күрт жылынады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жалпы, қазан айы жылы болады деп болжанып отыр. Елдің басым бөлігінде орташа ауа температурасы климаттық нормадан 1-2 градусқа жоғары болады. Шығыс Қазақстан облысында, Павлодар облысының солтүстік-шығысында және Абай облысында ауа температурасы норма шамасында сақталады. Жауын-шашын мөлшері әдеттегі деңгейде болады деп болжанып отыр.
Қазанның басы: суық пен жел
Қазанның алғашқы күндері салыстырмалы түрде жайлы өтеді. Ауа температурасы +15…+25 градус аралығында болады. Алайда кейін солтүстіктен циклон келеді.
Елдің барлық өңірінде жаңбыр мен қар жауып, желдің жылдамдығы секундына 15-28 метрге дейін күшейеді. Солтүстік өңірлерде бұрқасын болуы мүмкін. Арктикалық ауа массаларының келуімен бірге тұман түсіп, көктайғақ пен үсік жүреді.
Суықтың беті қатты болғанымен, ұзаққа созылмайды. Батыс пен солтүстік-батыста түнде ауа температурасы -6 градусқа дейін төмендеп, күндіз +2…+11 градус болады.
Солтүстік, шығыс және орталық өңірлерде түнде -6 градусқа дейін аяз болып, күндіз ауа температурасы нөл градус шамасында сақталады. Оңтүстікте түнде 0…+5, күндіз +10…+15 градусқа дейін жылынады. Таулы аймақтарда түнгі температура -10 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.
Айдың екінші жартысында күн қайта жылынады
Бірінші онкүндіктің екінші жартысында оңтүстіктен Орталық Азияның жылы ауа массалары келеді. Соның әсерінен елдің басым бөлігінде күндіз ауа температурасы +15…+20 градусқа дейін көтеріледі. Ал оңтүстік-батыс пен оңтүстікте +18…+28 градусқа дейін жылынады.
Екінші және үшінші онкүндіктерде ауа температурасы құбылып тұрады. Оңтүстікте кей күндері +30 градусқа дейін жылынуы мүмкін. Солтүстік пен орталықта күндізгі температура +3…+13 градустан +15…+23 градусқа дейін өзгеріп отырады.