×
$
440.86
€
500.77
₽
5.27
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
440.86
€
500.77
₽
5.27

Әкім лента қиғанына бір жыл болды: Ақтөбе облысындағы ауылға ауыз су әлі жеткен жоқ

Бүгін, 15:04
Әкім лента қиғанына бір жыл болды: Ақтөбе облысындағы ауылға ауыз су әлі жеткен жоқ
Ulysmedia коллажы

Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы Баршақұм ауылына ауыз су тартылғаны салтанатты түрде жарияланған. Аудан әкімі Айбек Көпенов бастаған шенеуніктер лента қиып, нысанды ел игілігіне тапсырған. Алайда арада бір жыл өтсе де, ауылдағы бірде-бір үй орталықтандырылған ауыз суға қосылмаған. Қазір тұрғындар мал суаруға арналған құдықтан су алып ішіп отыр. Ал ауылға тартылған су құбыры мен орнатылған насос іске қосылмай, нысанның есігі құлыптаулы тұр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Шалғайдағы Баршақұм ауылында шамамен 40 шақты үй бар. Тұрғындардың сөзінше, олардың басым бөлігінде қазір егде жастағы адамдар тұрады. Ауыз су мәселесі шешіледі деген үміт болғанымен, үйлерге таза су жетпеген. Редакция ауылға арнайы барып, тұрғындармен тілдесіп қайтты. 

"Лентасы қиылды, су жоқ"

Баршақұм тұрғыны Серікбай Төлеп ауылдағы су айдайтын насос станциясының қазіргі жағдайын көрсетті. 

 

– Ауылдың су айдайтын насосы құмға батып тұр. Айналасы құлап жатыр. Былтыр ауыз су тартуды аяқтап, салтанатты түрде ашылуын өткізді. Аудан әкімі Айбек Көпеновтың өзі келіп ашты. Лента қиылды. Су жоқ. Су көрген жоқпыз. Бәрі өтірік болып қалды. Енді міне, отырмыз. Әкімнің уәдесіне тойып. Су келмей, газ келмейді деді. Екеуі де жоқ, – деді Серікбай Төлеп.

“Шашуды шаштық, су әлі жоқ”

Ауылдың жайын сұрасаң әр тұрғын судың мәселесін айтады. Олар ауылдың болашағы үшін маңызды тіршілік көзін телміріп күтіп отыр. Бәрі де былтырғы салтанатты шараны еске алады. Тұрғындар сол күні ауылға су келеді деп шын сенген.

– Былтыр аудан әкімі суымызды ашты. Ауылға су келеді деп мәз болдық. Шашу шаштық. Әлі отырмыз. Су жоқ. Екінші жыл бітуге тақады. Құбырын тартып, күтіп отырмыз, – деді Айзада Абдулина. 

Көбеген Бегіт те су құбырының іске қосылмағанын айтып отыр.

– Бүкіл ауылды жинап, су келді деп лента қиған әкіміміз алдап кетті. Тартқан құбырлары судың астында қалды. Шіріп жатыр. Ұят болды халықтан демейді. Үкіметтен бөлінген ақшаның сұрауы жоқ па? Елді неге алдайды? “Қарқ қыламын” деп былтыр айтып еді, әлі күтіп отырмыз, – деді ол.

Тұрғындардың айтуынша, су құбырының салтанатты түрде ашылғанына қарамастан, бірде-бір үй орталықтандырылған ауыз суға қосылмаған.

“Малға беріп отырған құдықтың суын ішіп отырмыз”

Гүлжамал Базарбаева ауылдағы халықтың жағдайы қиын екенін баяндады. 

– Айналамыздағы ауылдардың бәрінде су бар. Тек Баршақұмда су жоқ. Малға беріп отырған құдықтың суын тұндырып өзіміз де ішіп отырмыз. Малымыз да, өзіміз де бір құдықтың суын ішеміз. Таза ауыз су жоқ. Аудан әкімі келіп, бүкіл ауылды жинап, ауыз суды ашты. “Су кірді” деді. Бір тамшы аққан жоқ. Айтты да кетті. Уәдесі қайда? Қуанышымыз су сепкендей басылды. Айттың ба, істе. Суды кіргізу керек. Халыққа таза ауыз су керек, – деді тұрғын.

Ауыл тұрғындары аудан әкімінің қатысуымен өткен ашылу рәсімінен кейін су бірден беріледі деп күткен.

Мектепте 1 сыныпта 2 бала ғана бар

Баршақұмдағы су мәселесі ауыл мектебінің жағдайымен де қатар жүреді. Мектеп директоры Айдос Өтегеновтің айтуынша, білім ордасында 45 оқушы, 25 мұғалім және 10 техникалық қызметкер жұмыс істейді. Мектеп 11 жылдық, бірақ бала аз. 

Биыл бірінші сыныпта екі бала оқиды. Жоғары сыныптарда оқушы саны 4-5 баладан аспайды. Кей сабақтарда сыныптар біріктіріліп оқытылады. Биыл мектепті бес оқушы бітірген.

Мектеп директорының айтуынша, орталықтандырылған ауыз судың жоқтығы оқу процесіне тікелей кедергі келтіріп отырған жоқ. Өткен жылы мектептің ішіне әжетхана салынған. Алайда оқушылардың сөзінше, олар мектеп ғимаратындағы дәретхананы пайдаланбайды.

Балалардың айтуынша, тіпті қыс мезгілінде де сырттағы әжетханаға барып жүр. Мектеп оқушылары ішкі әжетханаға іс жүзінде бармағандарын жарыса айтты.

Жауапты мекеме не дейді?

Ауыл тұрғындары су құбырының нақты не себепті іске қосылмағанын, нысанды қабылдау кезінде қандай жұмыстар орындалғанын және жобаға бюджеттен қанша қаражат бөлінгенін білгісі келеді.

Баршақұмдағы жағдайға қатысты аудан әкімдігі ауылға су құбыры тартылып, нысанның қабылданғанын хабарлады. Алайда әкімдік өкілдерінің айтуынша, тұрғындардың үйлеріне су кіргізуге деген сұранысы төмен. 

– Екі үй ғана кіргізіп тұр. Сондықтан уақытша консервацияға қойып тастадық. Қазір түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, – деді аудан әкімінің орынбасары Раушанов. 

Аудан әкімінің орынбасары су берудің тоқтатылғанын айтса, әкім әлі де санаулы үйде су бар деп сендіреді. 

“Мен бүгін іссапардамын. Баршақұмға қатысты ақпаратты аппарат береді. Ауылда 8-9 үйде су бар”,- деді Байғанин ауланы әкімі Айбек Көпенов. 

Редакция осы мәселеге қатысты Байғанин ауданының әкімдігінен: жобаға қанша қаражат бөлінгені, не себепті тұрғын үйлерге ауыз су берілмей отырғаны және мәселе қашан шешілетіні туралы нақты жауап күтеді.

Ардақ Ерубаева