×
$
440.86
€
500.77
₽
5.27
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
440.86
€
500.77
₽
5.27

Шымкенттік сарбаз әскерден кейін сал болып оралды

Бүгін, 16:20
Шымкенттік сарбаз әскерден кейін сал болып оралды
Ulysmedia коллажы

Шымкенттен әскерге аттанған Өмірбек Сұлтанмұратов Павлодардағы 5512 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеген. Алайда әскери қызметінің аяқталуына бір ай қалғанда ауруханаға түсіп, басына ота жасалған. Қазір 1-топтағы мүгедек атанған жас жігіт төсекке таңылып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

18 жасында әскерге өз еркімен кеткен Өмірбектің қазіргі жағдайы ауыр. Жақындарының айтуынша, әскери бөлім оның жағдайының нашарлағанын отбасы мүшелеріне бірден хабарламаған. Сарбаз комаға түскеннен кейін ғана ата-анасына хабар берілген.

Анасының сөзінше, отбасы Павлодарға барғанымен, ұлын екі апта бойы көре алмаған. Ол баласының аурудан емес, әскери бөлімде соққы алғаннан кейін осындай күйге түскеніне сенімді.

 

 

– Неге ауырса баланы қарамайды әскерде. Сап-сау кетті ғой бұл. Кейін естісем, айтқан екен командирлеріне ауырып жатырмын. Дәрігерге апарыңдаршы десе, апармапты. Әбден комаға түскен кезінде апарыпты дәрігерге. Дәрігерге айтсақ, бізге осындай ауыр жағдайда келді балаңыз дейді. Амал жоқ, ота жасамасақ балаңыз өлетін еді деді. Өлгенше сонда олар қарап отыра бере ме балдарды?, – дейді сарбаздың арасын Мәдина Чукамбаева.

Анасының айтуынша, Қазақстандағы дәрігерлер сарбаздан менингит анықталғанын айтқан. Ал Өзбекстанда баласына тексеру жүргізілгеннен кейін оның ауыр соққыдан сал болғаны айтылған.

– Бұл бала гайморит болмаған. Гайморит болғанда түзеліп кететін еді. Бұл қатты соққы жеген бала. Өзбекстанда түзелмейді деді, бізді сөйтіп қайтарды, – дейді ол.

Өмірбек бала кезінен әскери қызметкер болуды армандаған. Бойы екі метрге жуық жігіт көкпар тартып, түрлі спорттық жарысқа қатысқан. Баласының әскерге баруына әкесі де қолдау көрсетіп, оны Шымкенттегі әскери комиссариатқа өзі апарған.

– Иә өкінемін. Өкінемін. Өзім апарып бергеніме өкінемін. Қолынан военкоматқа апарып, қолынан ұстатқаныма өкінемін. Өзім апарып, өзім қолдарынан ұстатып кеткем сол жерде. Олардың үйреніп алған сөзі еркексің, еркексің дей береді екен барлығына. Бүйтіп еркек болмай-ақ қоя салған жақсы. Барлық ата-ананы шырылдатып... 3,5 жыл болды жүргенімізге. Кім жәрдем береді? 850 мың теңге сақтандыру беріп қояды екен. Соны қолыңа ұстатады да жібереді. Болды. Сонымен өзіңмен өзің жүре бересің ауыртпашылықтың барлығын өзіңе іліп, – дейді сарбаздың әкесі Рустамбек Чукамбаев.

Өмірбектің ата-анасы үш жылдан бері ұлының денсаулығымен өздері күресіп келеді. Олардың айтуынша, бұл істе жауапсыз қалған сұрақ көп. Алайда сарбаздың қазіргі жағдайына қатысты қылмыстық іс те қозғалмаған.

2023 жылдан бері төсекке таңылған Өмірбек ата-анасын бертінде ғана тани бастаған. Ұлттық ұландағы қызметі кезінде оның не болғанын өзі де айтып бере алмайды.

Сарбаздың мүгедек болып қалу себебін анықтау үшін Ішкі істер министрлігіне де сауал жолданған. Әзірше министрліктен жауап жоқ.