4 қазанда Қазақстанның бірқатар өңірінде ауа райы күрт нашарлайды. Синоптиктер қатты жел, жаңбыр, қар аралас жаңбыр, найзағай, тұман, көктайғақ және үсік болатынын ескертеді. Кей облыстарда жел екпіні секундына 25-28 метрге дейін жетуі мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Түркістан облысында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Күндіз облыстың батысы мен солтүстігінде, сондай-ақ таулы және тау бөктеріндегі аудандарда нөсер жаңбыр күтіледі. Кей жерлерде жел екпіні секундына 23-28 метрге дейін күшейеді.
Шымкент пен Түркістан қалаларында да жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, кей уақытта жауын-шашын күшейеді. Күндіз ауа температурасы күрт төмендеп, +15...+17 градусқа дейін түседі. Ал таулы аудандарда +9 градус шамасында болады.
Жамбыл облысында түнде батыс және таулы аудандарда жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Күндіз кей жерлерде бұршақ пен дауыл аралас нөсер жауын күтіледі. Жел екпіні секундына 23-28 метрге дейін жетуі мүмкін.
Таразда күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.
Атырау облысының солтүстігі, шығысы мен оңтүстігінде түнде жаңбыр аралас қар, күндіз жаңбыр жауады. Оңтүстікте түнде және таңертең тұман түсуі мүмкін. Кей жерлерде жел екпіні секундына 25 метрге дейін жетеді.
Батыс Қазақстан облысында да осыған ұқсас ауа райы күтіледі. Облыстың солтүстігі, шығысы мен оңтүстігінде жаңбыр мен қар жауады, ал түнде және таңертең кей жерлерді тұман басады.
Оралда да жауын-шашын мен тұман болжанып отыр.
Маңғыстау облысында негізінен жаңбыр жауады, ал түнде және таңертең кей жерлерде тұман түседі. Жел екпіні секундына 25 метрге дейін күшейеді.
Ақтауда күндіз жел жылдамдығы секундына 15-18 метрге дейін жетеді.
Ақтөбе облысының батысы мен солтүстігінде түнде көктайғақ болуы мүмкін.
Қызылорда облысының шығысы мен солтүстігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, дауыл тұрып, шаңды боран соғуы ықтимал. Күндіз кей жерлерде жел екпіні секундына 23 метрге дейін жетеді.
Облыстың солтүстігінде түнде топырақ бетінде -1 градусқа дейін үсік жүруі мүмкін.
Қызылорда қаласында түнде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.
Жетісу облысында әсіресе Алакөл маңында жел қатты соғады. Кей уақытта екпіні секундына 23-28 метрге дейін жетуі мүмкін.
Ұлытау облысының солтүстігі, шығысы мен оңтүстігінде күндіз жаңбыр мен қар жауады. Жел екпіні секундына 23 метрге дейін күшейеді.
Жезқазғанда желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді.
Қарағандыда да оңтүстік-батыстан соғатын жел секундына 15-20 метрге дейін күшейеді.
Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында түнде және таңертең кей жерлерде тұман түседі. Күндіз жел екпіні секундына 25 метрге дейін жетуі мүмкін.
Өскемен мен Семейде желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшейеді.
Ақмола облысының батысы мен солтүстігінде түнде және таңертең тұман күтіледі.
Осындай ауа райы Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында да болжанып отыр.
Қостанай мен Петропавлда түнде және таңертең қою тұман түсуі мүмкін.
Павлодар облысында негізгі қауіп – қатты жел. Оның екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді.
Жауын-шашын мен күннің салқындауына қарамастан, көптеген өңірде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталып отыр.
Ескерту Жетісу, Ұлытау, Қарағанды, Қызылорда, Ақтөбе, Жамбыл, Атырау, Павлодар, Түркістан, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында күшінде.