×
$
447.73
€
502.98
₽
5.35
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
447.73
€
502.98
₽
5.35

20 жыл күткен жол: ШҚО-да Рахман қайнарына апаратын бағыт ашылды

Бүгін, 13:43
20 жыл күткен жол: ШҚО-да Рахман қайнарына апаратын бағыт ашылды
Ulysmedia.kz

Шығыс Қазақстан облысында Рахман қайнарына апаратын жолдың жаңа бөлігі пайдалануға берілді. Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнары бағытындағы жолдың кейінгі 13 шақырымында құрылыс жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Жолдың 437-шақырымынан 450-шақырымына дейінгі бөлігінде 23 су өткізу құбыры салынып, арықтар жасалды. Бұған дейін осы учаскеде төрт көпір бой көтерген.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, жаңа жол жергілікті тұрғындар мен туристердің қатынауын жеңілдетуге тиіс.

Өңір үшін бұл әсіресе Рахман қайнарын дамыту және онда ірі шипажай салу жоспары аясында маңызды.

– Мұның бәрі осы жол бойында тұратын тұрғындарымыз бен туристердің діттеген жеріне қауіпсіз әрі жайлы жетуі үшін жасалды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Рахман қайнарында әлемдік деңгейдегі шипажай салуды жоспарлап отырмыз. Ол үшін ең алдымен сапалы жол қажет, – деді Сақтағанов.

Әкімнің сөзінше, қазір облыстың басқа бағыттарында да жол жұмыстары жүріп жатыр. Өскемен – Зайсан және Өскемен – Риддер бағыттарындағы жолдар, сондай-ақ Осинов асуы арқылы өтетін жол аяқталуға жақын.

Нұрымбет Сақтағанов жаңа жолдар өңірдегі туризмнің дамуына қосымша серпін береді деп есептейді.

Сонымен қатар, ол Шығыс Қазақстанға келетін туристерді табиғатты аялауға және қоқыс қалдырмауға шақырды.

Көптен күткен жол

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басшысы Дархан Иманашев бұл учаскеде қалыпты жолдың салынуын тұрғындар көп жылдан бері күткенін айтты.

– Бүгінгі оқиға тек Шығыс Қазақстан облысы үшін ғана емес, бүкіл ел үшін маңызды. Бұл жолды көптен күттік. Кейінгі 20 жылда бұл жерді жол деп атаудың өзі қиын еді, іс жүзінде жол болған жоқ. Бүгін осы учаскені ашып отырмыз, – деді Дархан Иманашев.

Оның айтуынша, қазір Шығыс Қазақстан облысында 700 шақырымнан астам жолда түрлі жөндеу және құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жалпы кейінгі екі жылда «ҚазАвтоЖол» ел бойынша 9 мың шақырымнан астам жолға орташа және күрделі жөндеу жүргізген.

Алайда ұлттық компания басшысы атқарылатын жұмыс әлі де көп екенін атап өтті.

Биыл компания тағы 3,4 мың шақырым жолды салу және қайта жаңғырту жұмыстарын бастауды жоспарлап отыр. Бұл жобаларға 4,5 трлн теңге қарастырылған.

Контекст

Рахман қайнары Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында, Ресей шекарасына жақын орналасқан.

Бұл – термалды радон су көздерімен танымал таулы курортты аймақ.

Рахман қайнары Шығыс Қазақстандағы танымал туристік бағыттардың бірі саналады.