Қазақстан шекарасын Каспий теңізі арқылы заңсыз кесіп өткені үшін Иранның үш азаматы бір жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын өтегеннен кейін олар Қазақстаннан шығарылады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Балық аулап жүріп шекарадан өткен
Маңғыстау облысының прокуратурасының мәліметінше, ер адамдар 24 шілдеде Қазақстан аумағына кірген. Олар балық аулап жүріп, кемемен мемлекеттік шекараны белгіленген өткізу пунктінен тыс кесіп өткен. Сол жерде оларды ҰҚК Шекара қызметінің әскери қызметшілері ұстаған.
Ұсталғаннан кейін ҚР Қылмыстық кодексінің 392-бабының 1-1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Тергеу барысында ер адамдардың алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен мемлекеттік шекараны қасақана заңсыз кесіп өткені анықталған.
Үкім
– Қарақия аудандық сотының үкімімен Иран Ислам Республикасының үш азаматы кінәлі деп танылды. Оларға бір жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, Қазақстан Республикасынан шығару туралы шешім қабылданды, – деп хабарлады қадағалау органы.