×
$
455
€
498.77
₽
5.56
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
455
€
498.77
₽
5.56

Си Цзиньпинмен небәрі 10 секунд сөйлесті: Жапония Қытаймен неге тіл табыса алмай отыр?

Бүгін, 12:42
Си Цзиньпинмен небәрі 10 секунд сөйлесті: Жапония Қытаймен неге тіл табыса алмай отыр?
yonhap news

Қытай мен Жапония арасындағы қарым-қатынас тығырыққа тірелді. Жапония премьер-министрі Санаэ Такаитидің Бейжіңмен келіссөз жүргізуге талпынысы әзірге нәтиже бермей отыр. Қазақстандық қытайтанушы Әділ Кәукеновтің пікірінше, Токио қиын таңдау алдында тұр. Қытайдың талабына көну премьер-министрдің саяси беделіне нұқсан келтіруі мүмкін. Ал екі ел арасындағы текетірестің жалғасуы Жапония экономикасына кері әсер етіп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Си Цзиньпинмен 10 секундтық әңгіме

Әділ Кәукенов Қытайда өткен Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭС) саммитінде Жапония премьер-министрінің әрекетіне назар аударды.

Оның айтуынша, екі елдің қарым-қатынасы шиеленісіп тұрғандықтан, жапон саясаткерлері Такаитидің Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен қалай сөйлесе алатынын алдын ала талқылаған.

«Мәселен, мүмкіндік туған сәтте, тіпті аяқ астынан болса да, әңгімелесудің амалын табу ұсынылды. Жоғары лауазымды шенеуніктердің бірі кездесуді ұйымдастыруға Трамптан көмек сұрауға да болатынын айтқан», – деп жазды сарапшы.

Ақырында Жапония премьер-министрі Қытай басшысымен алдымен салтанатты қабылдауда, кейін саммит қатысушылары естелік суретке түсер алдында сөйлесуге тырысқан.

«Такаити мәселені бірден шешуге тырысып, әуелі салтанатты қабылдау кезінде, кейін ортақ суретке түсер алдында Си Цзиньпинге жақындады», – деді Кәукенов.

Алайда екеуінің арасында толыққанды әңгіме болмаған.

«Екінші рет жақындағанда Такаити Си Цзиньпиннің қолын жібермей, онымен шамамен 10 секунд сөйлесті. Видеодан Қытай басшысының басын сәл изегені көрінеді. Бірақ не деп жауап бергені естілмейді», – деді қытайтанушы.

Сарапшының айтуынша, Такаитидің айналасындағы шенеуніктер тым болмағанда екі басшының қол алысып тұрған суреттері Қытайда тараса деген үмітте болған. Бұл жапон компанияларымен жұмыс істейтін қытайлық кәсіпкерлердің алаңдаушылығын аз да болса сейілтуі мүмкін еді.

Жапония премьер-министрі екінші қатарда қалды

Әділ Кәукенов саммиттегі хаттамалық жайттарға да назар аударған. Оның байқауынша, қатысушылар ортақ суретке түскенде Такаитиге көпшілік назарынан тыс, екінші қатардан орын берілген.

«Ортақ суретте оған екінші қатардың шет жағынан орын тиген. Тіпті алдында тұрған Вьетнам президенті жұбайының қалың шашы Такаитидің бетінің жартысын жауып қалған. Ал Вьетнам өкілдері бірінші қатарда тұр», – деп жазды ол.

Сарапшы мұндай жайттарды Бейжің мен Токио арасындағы салқын қарым-қатынастың бір көрінісі деп есептейді.

Ал Қытай басшысы Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мёнмен мазмұнды келіссөз жүргізген.

Кәукеновтің айтуынша, екі ел еркін сауда келісімі аясында қызмет көрсету және инвестиция салалары бойынша уағдаластыққа қол жеткізген. Тіпті Қытай Оңтүстік Кореяға екі панда жіберуге келіскен.

Жапония неге тығырыққа тірелді?

Қытайтанушы екі ел арасындағы шиеленістің басты себебі ретінде Санаэ Такаитидің Тайваньға қатысты мәлімдемесін атайды.

Жапония премьер-министрі Қытай Тайваньға қарсы әскери күш қолданса, Жапония да әскери жауап беруі мүмкін екенін айтқан.

Бейжің бұл мәлімдемені кері қайтарып алуды талап еткенімен, Такаити өз ұстанымынан бас тартпаған.

«Қазір Бейжің Такаитидің Тайвань туралы сөзінен бас тартуын күтіп отыр. Бірақ Такаити де райынан қайта алмайды», – деп түсіндірді сарапшы.

Оның айтуынша, 2027 жылдың күзінде Такаити биліктегі партияның төрағасы қызметіне қайта сайлануы керек.

Сондықтан Қытайдың ұзақ уақыт қысым көрсетуінен кейін бұрынғы сөзінен бас тартуы оны қолдайтын консерватив саясаткерлердің наразылығын тудыруы мүмкін.

Екінші жағынан, Қытайдың Жапонияға маңызды материалдар жеткізуге, жапон теңіз өнімдерінің импортына және туристік сапарларға қатысты шектеулері ел экономикасына қосымша қиындық туғызып отыр.

«Такаитидің Тайвань мәселесін неге көпшілік алдында көтергенін түсіну қиын. Жалпы, Қытай мен Жапония арасындағы қарым-қатынасты қалпына келтіруге бірнеше жыл кетуі мүмкін», – деп есептейді Кәукенов.

Бұл жағдай Оңтүстік Кореяға неге тиімді?

Сарапшы Қытайдың Жапония мен Оңтүстік Кореяға деген көзқарасындағы айырмашылыққа да тоқталды.

Жапония премьер-министрі Си Цзиньпинмен толыққанды келіссөз жүргізудің жолын іздеп жүргенде, Оңтүстік Корея Қытаймен экономикалық байланысын нығайтуға мүмкіндік алып отыр.

«Мұның бәрі Оңтүстік Кореяға тиімді болып тұр. Қытай Жапонияға Оңтүстік Кореяны жақсы қарым-қатынастың үлгісі ретінде көрсетіп отыр», – деп түйіндеді қытайтанушы.

Бұған дейін не болды?

Еске салайық, Қытай мен Жапония арасындағы қарым-қатынас 2025 жылғы қарашада күрт нашарлаған.

Оған дейін Си Цзиньпин мен Санаэ Такаити Оңтүстік Кореяның Кёнджу қаласында өткен АТЭС саммитінде кездесіп, екі ел арасындағы тұрақты қарым-қатынасты сақтауға ниетті екенін мәлімдеген еді.

Алайда 7 қарашада Такаити Жапония парламентінде Тайвань мәселесіне қатысты мәлімдеме жасады.

Ол Қытайдың Тайваньға қарсы әскери күш қолдануы белгілі бір жағдайда Жапонияның өмірлік маңызды мүдделеріне қатер төндіріп, әскери жауап қайтаруға негіз болуы мүмкін екенін айтты.

Қытай бұл сөздерді өзінің ішкі ісіне араласу деп бағалап, Токиодан мәлімдемені кері қайтарып алуды талап етті.

Осыдан кейін Бейжің Жапониядан теңіз өнімдерін әкелуге және кейбір маңызды материалдарды жеткізуге шектеу қойды. Сондай-ақ Қытай азаматтарына Жапонияға туристік сапарға барудан бас тартуға кеңес берді.

2026 жылғы 18–19 қарашада Шэньчжэнь қаласында өткен АТЭС саммитінде де екі ел басшылары толыққанды келіссөз жүргізе алмады. Олардың қарым-қатынасы қысқа ғана жүздесулермен шектелді.

Сізге қызық болуы мүмкін