Непал мен Тибет шекарасында болған селден кейін жоғалып кеткен екі қазақстандық туристің қазіргі орналасқан жері әлі белгісіз. Олардың туыстары ДНҚ-сараптамасы үшін биоматериал тапсырды. Бұған дейін жоғалды деп есептелген үшінші қазақстандық әйел үйінен табылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Бұған дейін Қазақстаннан барған үш турист әйел хабар-ошарсыз кеткендер қатарында болған. ҚР СІМ мәліметінше, олардың екеуі Непалда, біреуі Қытайдың Тибет автономиялық ауданында болуы мүмкін еді.
Олардың біреуімен байланысу мүмкін болған. Ол апат болған аймаққа барудан бас тартқаны және қазір Қазақстанда екені анықталды.
Қалған екі әйелді табу әзірше мүмкін болмады. Туыстары ықтимал сәйкестендіру үшін барлық қажетті рәсімдерден өтіп, ДНҚ-сараптамасына биологиялық материал тапсырды. Қазақстандық дипломаттар олардың отбасыларымен байланыста болып, қажетті көмек көрсетіп жатыр.
Іздеу жұмыстары қалай жүріп жатыр
Непал тарапы іздеу-құтқару жұмыстарын 5 қазанда ресми түрде аяқтады. Зардап шеккен аудандарда қазір қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, табылған адам сүйектері мен жеке заттар сәйкестендіру үшін сараптамаға жіберіліп жатыр.
Тибетте іздеу жұмыстары жалғасып, Қытай тарапы бір мезгілде табылған адам қалдықтарын сәйкестендіріп, генетикалық сараптама жүргізіп жатыр
Контекст
Еске салайық, 26 тамызда Тибеттегі Гьиронг өткізу бекеті ауданында сел жүрген. Табиғи апатқа Непал аумағындағы биік таулы мұздықтың опырылуы себеп болған.
Сел шекара бекетін қиратып, жүздеген адамның шекарадан өтуіне мүмкіндік бермеді.
7 қыркүйектегі мәлімет бойынша, қаза тапқандар саны 43 адамға жетіп, тағы 519 адам хабар-ошарсыз кеткен. Олардың 261-і — 23 елдің азаматы.
Қытай іздеу жұмыстарына 2500-ден астам құтқарушы мен 500-ден астам техника жұмылдырды.