×
$
447.14
€
500.35
₽
5.24
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
447.14
€
500.35
₽
5.24

Ақтөбеде ауызашарда жихадты насихаттаған ер адам 7,5 жылға сотталды

Бүгін, 19:20
Ақтөбеде ауызашарда жихадты насихаттаған ер адам 7,5 жылға сотталды
GETTY

Ақтөбеде ауызашарда қарулы қақтығыс туралы айтып, жихадты насихаттаған ер адам 7,5 жылға сотталды. 30 жастағы сотталушы бұған дейін екі рет сотталған. Бұл жолы қатаң режимдегі абақтыға жіберілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

30 жастағы ер адам ҚР Қылмыстық кодексінің 256-1-бабы терроризмді насихаттау бойынша кінәлі деп танылып, 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Оқиға 2026 жылғы 11 наурызда болған. Сот материалдарына сәйкес, қаладағы саяжайлардың бірінде ауызашар кезінде ол жихад тақырыбын қозғап, қарулы күреске қатысуды діни міндет ретінде түсіндірген. Сондай-ақ жихадтың намаздан жоғары тұратынын айтқан.

Сотта прокурор Ерболат Еренов сотталушының сунниттік бағытты ұстанғанын және діни көзқарастарында радикалды салафиттік идеялар мен такфиризм белгілері болғанын айтты. 

– Терроризмді насихаттайтын радикалды идеология ықпалында болған. Қоғамдық қауіпсіздікке қарсы экстремистік сипаттағы ауыр санаттағы қылмыс жасаған. Жихадқа қатысу намаздан жоғары тұратынын айтқан. Діни міндет деп түсіндірген, – деді Еренов.  

Іс бойынша дінтанулық, психологиялық және филологиялық сараптама жүргізілген. Сарапшылар ер адамның айтқан сөздері мен әрекеттерінен терроризмді насихаттау белгілерін анықтаған.

Кінәсін мойындады

Сотталушы кінәсін толық мойындады. 

– Айыпты толық мойындаймын. Ораза кезі болатын. Кімнің үйі екені есімде жоқ. Намаз оқимын. Сунниттік ағымдағы дінді ұстанамын. Жихад мәселесін айттым. Бұрын оқығандарымды айттым. Ол бізде рұқсат етілмеген әдеби кітап болып шықты. Мен ғалымның сөзін айттым. Қатемді мойындаймын, – деді сотталушы.

Сот оны ҚР ҚК-нің 256-1-бабы бойынша кінәлі деп танып, 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Судья Құдайберген істе қылмыстың қауіпті қайталануы бар деп танылып, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің барынша жоғары қауіпсіздік мекемесінде өтеуді белгіледі.

Ардақ Ерубаева