×
$
448.94
€
502.05
₽
5.26
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
448.94
€
502.05
₽
5.26

БҰҰ Қазақстаннан Навальный штабында бұрын жұмыс істеген белсендіні Ресейге бермеуді талап етті

Бүгін, 16:40
БҰҰ Қазақстаннан Навальный штабында бұрын жұмыс істеген белсендіні Ресейге бермеуді талап етті
әлеуметтік желі

БҰҰ-ның Азаптауға қарсы комитеті 8 қазанда Қазақстаннан Навальный штабының бұрынғы белсендісі Юлия Емельянованы Ресейге экстрадицияламауды талап етті. Алайда Бас прокуратураның оны экстрадициялау туралы шешімі әлі күшінде тұр. Адвокат Қазақстан БҰҰ талабын елемеуі мүмкін деп қауіптеніп отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

БҰҰ комитеті қандай шешім қабылдады?

Емельянованың адвокаты Вадим Дроздов 5 қазанда БҰҰ-ның Азаптауға қарсы комитетіне шағым түсіріп, шұғыл шаралар қабылдауды сұраған.

«Новая газета — Европа» басылымының мәліметінше, комитет шағымды тіркеп, істі қарау аяқталғанға дейін Қазақстаннан Емельянованы Ресейге экстрадицияламауды, депортацияламауды және оны қандай да бір жолмен Ресейге бермеуді талап еткен.

Алайда шұғыл шаралардың қабылдануы шағым бойынша түпкілікті шешім шығарылды дегенді білдірмейді. Комитет мәлімделген құқық бұзушылықтарға кейінірек баға береді.

Адвокат неге қауіптеніп отыр?

Юлия Емельянова Алматыдағы тергеу изоляторында қамауда отыр. Бас прокурордың орынбасары 27 қаңтарда қабылдаған оны экстрадициялау туралы шешім әлі күшінде.

— Юлия Емельянова мен Мансур Мовлаев Қазақстанда әлі де қамауда отыр. Оларды Ресейге экстрадициялау туралы шешімдер де күшінде қалып отыр. Қазір Қазақстанның шұғыл шаралар талаптарын іс жүзінде орындауы айрықша маңызды, — деді Дроздов.

Адвокат Қазақстанның бұрынғы тәжірибесіне де назар аударды. «Абдуссаматов және басқалар Қазақстанға қарсы» және «Тұрсынов Қазақстанға қарсы» істерінде БҰҰ комитеті Қазақстанның шұғыл шаралар талаптарына қарамастан адамдарды басқа елдерге бергенін анықтаған. Мұндай әрекеттер халықаралық міндеттемелерді бұзу деп танылған.

Мансур Мовлаевқа қатысты жағдай қалай өрбіп жатыр?

Алматыдағы сол тергеу изоляторында шешен белсендісі Мансур Мовлаев та қамауда отыр. Ақпан айында БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитеті Қазақстаннан оны Ресейге бермеуді талап еткен.

Алайда 1 қазанда Бас прокуратура экстрадициялауға заңдық кедергілер жоқ екенін мәлімдеп, БҰҰ комитетінің шаралары «ұсыныc сипатына ие» екенін айтқан.

5 қазанда комитет Қазақстанға шұғыл шаралар әлі де күшінде екенін еске салды. Оларды орындамау Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің Факультативтік хаттамасын бұзу болып есептелуі мүмкін.

Мовлаев 2025 жылғы мамырдан бері экстрадициялау мақсатында қамауда отыр. Ресей билігі оны бопсалады деп айыптап отыр. Ал белсендінің өзі қылмыстық істің қолдан жасалғанын мәлімдеген.

Қыркүйек айында Мовлаев тергеу изоляторында екі рет өзіне қол жұмсауға әрекеттенген.