×
$
455
€
498.77
₽
5.56
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
455
€
498.77
₽
5.56

ЕО Путинді тұтқындаудан бас тартқаны үшін Тәжікстанды сынға алды

Бүгін, 09:05
ЕО Путинді тұтқындаудан бас тартқаны үшін Тәжікстанды сынға алды
Associated Press

Еуропалық одақ Тәжікстанның Ресей президенті Владимир Путинді Халықаралық қылмыстық соттың (ХҚС) тұтқындау туралы ордері күшінде болғанына қарамастан, елге қайта қабылдағанына өкініш білдірді. Брюссель Душанбе Рим статутына қатысушы мемлекет ретінде өз міндеттемелерін орындамады деп есептейді. Бұл туралы Еуропалық сыртқы істер қызметінің 22 қарашадағы мәлімдемесінде айтылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

ЕО-ның мұндай мәлімдеме жасауына Ресей президентінің 19-20 қарашада Тәжікстанға сапары себеп болды. Халықаралық ордерге қарамастан, тәжік билігі Путинді ұстаған жоқ. Бұл осындай екінші жағдай. 2025 жылғы қазанда да Ресей басшысының Душанбе қаласына сапарынан кейін Еуроодақ Тәжікстанды сынға алған еді.

Жаңа мәлімдемеде Брюссель Рим статутына қатысушы мемлекеттер Халықаралық қылмыстық сотпен ынтымақтасуға, соның ішінде сот шығарған тұтқындау ордерін орындауға міндетті екенін еске салды.

– Рим статутының құзыретіне жататын, бүкіл әлемнің бейбітшілігіне, қауіпсіздігі мен әл-ауқатына қатер төндіретін қылмыстар жазасыз қалмауы керек, – делінген Еуропалық сыртқы істер қызметінің мәлімдемесінде.

Сондай-ақ Еуроодақ мемлекеттерді Халықаралық қылмыстық сотпен ынтымақтастықты кеңейтіп, онымен ерікті келісімдер жасауға шақырды.

ХҚС Путинді тұтқындауға ордерді не үшін берді

Халықаралық қылмыстық сот Владимир Путинді тұтқындау туралы ордерді 2023 жылғы 17 наурызда шығарды. Ресей президентіне Украина аумағындағы оккупацияланған өңірлерден украиналық балаларды Ресейге заңсыз депортациялау және көшіру деректеріне байланысты әскери қылмыс жасады деген күдік келтірілген.

Ордердің берілуі адамның кінәсі дәлелденді дегенді білдірмейді. Бұл – сот талқылауы барысында қаралуға тиіс күдік. Ресей Халықаралық қылмыстық соттың юрисдикциясын мойындамайды және тағылған айыптарды жоққа шығарады.

Тәжікстан Ресейден айырмашылығы, Рим статутына қатысушы мемлекет. Сондықтан ХҚС ордерін орындау мәселесі Душанбе үшін халықаралық құқық тұрғысынан маңызды.

Путин Тәжікстанда қандай мәселелерді талқылады

Кремльдің мәліметінше, Ресей президенті Тәжікстанға Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы саммитінен кейін жұмыс сапарымен барған.

Asia-Plus басылымының хабарлауынша, келіссөздер барысында Ресейдің 201-әскери базасының жұмысы, Тәжікстан мен Ауғанстан шекарасындағы қауіпсіздік, еңбек миграциясы және инвестициялық ынтымақтастық мәселелері талқыланған.

Ресей Тәжікстан үшін қауіпсіздік, экономика және еңбек миграциясы салаларындағы маңызды серіктес саналады. Осындай жағдайда ХҚС ордерін орындау Душанбе үшін халықаралық құқық алдындағы міндеттемелер мен Мәскеумен қарым-қатынас арасында қайшылық туғызады.

ЕО Украинадағы әскери қылмыстарды тергеуді қолдайтынын растады

22 қарашадағы мәлімдемесінде Еуроодақ Украинадағы соғысқа байланысты Халықаралық қылмыстық сот жүргізіп жатқан тергеулерді қолдайтынын растады.

Брюссель халықаралық қылмыс жасағандарды жауапқа тартуды, зардап шеккендердің құқықтарын қорғауды және келтірілген залалды өтеуді қолдайды.

Еуропалық сыртқы істер қызметі сондай-ақ Украинаның халықаралық деңгейде мойындалған шекарасы шегіндегі тәуелсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдайтынын атап өтті.

Бұған дейін, 2025 жылғы қазанда, Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы Тәжікстанды Путиннің елге кіруіне рұқсат бермеуге немесе ол келген жағдайда тұтқындауға шақырған еді. Ол кезде Ресей президенті Душанбе қаласына «Орталық Азия – Ресей» саммитіне және ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысу үшін барған.

Сізге қызық болуы мүмкін