×
$
453.93
€
508.72
₽
5.35
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
453.93
€
508.72
₽
5.35

Тоқаев Арнайы операциялар күштерінің жаңа қолбасшысын тағайындады

Бүгін, 10:20
Тоқаев Арнайы операциялар күштерінің жаңа қолбасшысын тағайындады
Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Саят Исановты Қазақстан Қарулы күштері Арнайы операциялар күштерінің қолбасшысы етіп тағайындады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Мемлекет басшысының өкімімен Саят Серікқазыұлы Исанов Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Арнайы операциялар күштерінің қолбасшысы лауазымына тағайындалды», – деп хабарлады Ақорда.

Оқиғаның мән-жайы

Еске салайық, қыркүйектің аяғында Президент Қорғаныс министрлігінің жұмысын жан-жақты тексеру үшін арнайы комиссия құрған болатын. Тексеру барысында әскери бөлімдердің қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз етілуіне де назар аударылды.

Қорғаныс министрлігін тексеру Маңғыстау облысында өткен әскери оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметші қаза тапқаннан кейін басталды.

Тексерудің алғашқы кезеңінің қорытындысы бойынша құқық қорғау органдары 13 қылмыстық іс қозғады. Олар мемлекеттік мүлікті жымқыру, қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалану және өзге де заңбұзушылықтарға қатысты.

Сонымен қатар, әскери бөлімдерде жарғыға қайшы қарым-қатынас пен әскери қызметшілерге күш көрсету деректері анықталды.

Ақорданың мәлімдеуінше, Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға Қарулы күштерде жылдар бойы қордаланған жүйелі мәселелердің бетін ашқан. Тоқаев әскерді одан әрі реформалау кезінде тексеру нәтижелерін ескеруді тапсырды.

Әскердегі ауыс-түйіс жалғасып жатыр

Қайғылы оқиғадан кейін әскери басшылықта ауыс-түйіс болды.

Бұған дейін қорғаныс министрі Дәурен Қосанов қызметінен босатылған. Кейін басқа да жоғары лауазымды әскери басшылар қызметінен кетіп, олардың орнына жаңа басшылар тағайындалды.

5 қазанда Айтқұрман Омарбеков қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштер Бас штабының бастығы болып тағайындалды.

Бұған дейін Тоқаев Татьяна Савельеваны қорғаныс министрінің орынбасары қызметіне тағайындаған еді. Ол бұл лауазымда Әскер Бейсеновтің орнына келді.

Сонымен қатар, әскери қызметшілердің қазасына қатысты іс бойынша Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы ұсталды. Ол қызметіне салғырт қарады деген күдікке ілінген.