×
$
453.93
€
508.72
₽
5.35
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
453.93
€
508.72
₽
5.35

Саша Барон Коэн даулы Борат бейнесіне қайта еніп, Қазақстанды тағы да келемеждеді

Бүгін, 17:31
Саша Барон Коэн даулы Борат бейнесіне қайта еніп, Қазақстанды тағы да келемеждеді
Видео кадры

Ұлыбританиялық актер Саша Барон Коэн тағы да Бораттың бейнесіне енді. Қазақстандық журналист ретінде көрсетілетін ойдан шығарылған бұл кейіпкер талай жылдан бері елді жағымсыз қырынан танытқаны үшін сынға ұшырап келеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Оқиғаның мән-жайы

Бұл жолы Борат «Ali G: Who Iz I?» комедиясының трейлерінде пайда болды. Бейнежазбада ол өзін Қазақстанның мемлекеттік мекемелері атынан сөйлеп тұрғандай көрсетіп, Коэнді күмәнді фильм түсірді деп айыптайды. Сондай-ақ, көрермендерді жаңа туындыға бойкот жариялауға шақырады.

Трейлер Қазақстанның кино комиссиясы мен тіл саласына жауапты мемлекеттік орган атынан жасалған жалған мәлімдемеден басталады.

Борат жаңа фильмде нәсілшілдік сипаттағы көріністер бар деген ақпарат тарағанын, алайда туындыны көргеннен кейін бұл күдіктің расталмағанын мысқылмен жеткізеді.

Кейін кейіпкер Коэннің екі жыл бойы сырт келбетін өзгертіп, түрлі адамдардың кейпіне ену арқылы америкалық қоғамға жасырын араласқанын айтады.

Трейлерде кімдер әжуаланды?

Бейнежазбада Саша Барон Коэн сомдаған бірнеше танымал кейіпкер көрсетіледі.

Алдымен Али Джи пайда болады. Борат оны хип-хоп мәдениеті өкілдерінің сөйлеу мәнері мен жүріс-тұрысына еліктейтін ақ нәсілді жігіт ретінде сипаттайды. Кейіпкер өзге мәдениеттің ерекшеліктерін иемденіп, сол ортаға тән сөздерді орынсыз қолданғаны үшін сыналады.

Одан кейін актердің тағы бір кейіпкері, полковник Эран Морад көрсетіледі.

Трейлерде иммигранттарға қатысты арандатушылық пікірлер, түрлі ұлттар туралы таптаурын түсініктер мен әдейі қисынсыз етіп құрылған мәлімдемелер де кездеседі.

«Қазақстанда небәрі екі кинотеатр бар»

Бейнежазбаның аяғында Борат Қазақстанның жаңа фильмге қатты ашуланғанын айтып, оны елдегі «екі кинотеатрдың ешқайсында көрсетпейтінін» мәлімдейді.

«Қазақстан бұл фильмге қатты ашулы. Сондықтан оны еліміздегі екі кинотеатрдың ешқайсында көрсетпейміз. Сіздерді де адамгершілік пен әдептілік үшін біздің бойкотымызға қосылуға шақырамыз», – дейді кейіпкер.

Сондай-ақ, ол көрермендерді 23 қазанда, яғни фильм Ұлыбритания кинотеатрларына шығатын күні оны көруге бармауға үндейді.

Бораттың бейнесі неге дау тудырады?

Борат туралы алғашқы комедиялық фильм 2006 жылы жарық көрді. Онда Коэн АҚШ-қа америкалықтардың мәдениетімен танысу үшін сапар шеккен қазақстандық журналистің рөлін сомдады.

Алайда фильмде Қазақстан шынайы өмірге еш қатысы жоқ ойдан шығарылған салт-дәстүрлер, ұлтты кемсітетін таптаурындар мен қисынсыз көріністер арқылы бейнеленген.

Туынды қазақстандықтар мен елдің ресми өкілдерінің қатаң сынына ұшырады. Фильм Қазақстанда кең прокатқа шыққан жоқ.

2020 жылы жарық көрген екінші бөлім де қоғамда наразылық туғызды. Көпшілік оны ұлттық стереотиптерді насихаттады деп айыптады.

Жаңа фильм туралы не белгілі?

«Ali G: Who Iz I?» комедиясында Саша Барон Коэннің тағы бір танымал кейіпкері Али Джи экранға қайта оралады.

Али Джи – өзін рэпер әрі көше қылмыстық тобының мүшесі ретінде көрсететін кейіпкер. Ол алғаш рет 1990 жылдардың соңындағы телевизиялық шоулар арқылы танылды. Ал 2002 жылы «Али Джи парламентте» комедиясында басты рөлді сомдады.

Еске салайық, биыл жазда қазақстандық Shoqan Suits ерлер киімі брендінің негізін қалаушы Ұлықбек Шәріпов Бораттың бейнесін жарнамада пайдаланғаны үшін сынға қалған еді.

Осыдан кейін кәсіпкер көпшіліктен кешірім сұрады. Алайда қазақстандықтардың бір бөлігі бренд өнімдеріне бойкот жариялауды жалғастырды.