Британиялық комик Саша Барон Коэн қазақстандықтардан Борат кейіпкеріне бола ренжімеуді өтінді. Оның айтуынша, Бораттың шынайы Қазақстанға ешқандай қатысы жоқ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жайы
Коэн бұл туралы Happy Sad Confused подкастында айтты. Ол Бораттың рөлін енді сомдай бастаған кезде Қазақстан елшілігінен шағым түскенін еске алды.
– Шағым орынды болды. Мен оны оқыдым. Онда шамамен «Бұған қалай дәтіңіз барады?» деген сөздер жазылған еді, – деді комик.
Коэн не үшін кешірім сұрады?
Комик қазақстандықтардың қалай сөйлейтінін мүлде білмейтінін және Бораттың оларға ұқсамайтынын мойындады.
– Қазақстандықтардан кешірім сұраймын. Мен сіздердің акценттеріңізге салып сөйлей алмаймын, оны білмеймін де. Сіздер Боратқа мүлде ұқсамайсыздар. Мен Бораттың акцентімен сөйлеймін, өйткені Орталық Азия халықтарының сөйлеу мәнерін онша білмеймін. Өтінемін, ренжімеңіздер. Мен сіздерге тек құрметпен қараймын, – деді Коэн.
Борат кімдерді келемеждеді?
Комиктің айтуынша, оның фильмдері Қазақстанды емес, Борат сөйлескен адамдарды әжуалаған.
– Негізінде, мұның Қазақстанға ешқандай қатысы жоқ еді. Әңгіме мен сөйлескен адамдардың надандығында болды. Олар бұрын-соңды естімеген елде осындай ақылға сыймайтын оқиғалар болуы мүмкін деп сенді, – деп түсіндірді актер.
Контекст
Борат туралы алғашқы фильм 2006 жылы жарық көрді. Онда Қазақстан ойдан шығарылған дәстүрлер мен қорлайтын стереотиптер арқылы көрсетілді. Фильм елде кең прокатқа шыққан жоқ. 2020 жылы жарық көрген жалғасы да наразылық тудырды.
2026 жылғы қазанда Коэн «Ali G: Who Iz I?» комедиясының трейлерінде Боратты қайта көрсетті. Онда кейіпкер Қазақстан фильмді елдегі екі кинотеатрдың ешқайсысында көрсетпейтінін мәлімдейді.