×
$
453.93
€
508.72
₽
5.35
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
453.93
€
508.72
₽
5.35

Ғалымдар ақырзаман болатын күнді атады: оған бір айдан сәл аса уақыт қалды

Бүгін, 19:00
Ғалымдар ақырзаман болатын күнді атады: оған бір айдан сәл аса уақыт қалды
shutterstock

Ғалымдар 60 жылдан аса уақыт бұрын болжаған «ақырзаман» күніне бір айдан сәл аса уақыт қалды. 1960 жылы Science ғылыми журналында жарияланған математикалық модельге сәйкес, шешуші кезең 2026 жылғы 13 қарашада басталуға тиіс, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Алайда зерттеуде адамзаттың дәл осы күні жойылатыны айтылмаған. «Қиямет күні: жұма, 2026 жылғы 13 қараша» деп аталатын ғылыми еңбекте ғалымдар Жер шарындағы халық санының өсу қарқынын зерттеген.

Зерттеуді аустриялық физик Хайнц фон Фёрстер әріптестерімен бірге жүргізген. Ғалымдар біздің заманымыздың І ғасырынан бастап 1950 жылдардың екінші жартысына дейінгі, яғни шамамен екі мың жылдық демографиялық деректерді талдаған. Жиналған мәліметтер негізінде олар әлем халқының саны қалай өсетінін көрсететін математикалық модель жасаған.

Есептеулерге сүйенсек, халық саны бұрынғы қарқынмен өсе берсе, теориялық тұрғыдан «сингулярлық» деп аталатын шекке жетуі мүмкін. Математикада бұл ұғым модельдегі шамалардың шексіздікке ұмтылатын немесе әдеттегі мәнін жоғалтатын нүктесін білдіреді.

Бұл зерттеуде Жер халқының саны шексіздікке ұмтылатындай нәтиже шыққан. Алайда бұл адамдар саны шынымен шексіз көбейеді деген сөз емес. Ғалымдар жасаған теңдеу бойынша мұндай шек 2026 жылғы 13 қарашаға сәйкес келген.

Кейін дәл осы күн көпшіліктің назарын аударып, зерттеу ақырзаман туралы болжам ретінде түсіндіріле бастаған. Ғылыми еңбек авторлары халық санының бақылаусыз өсуі қандай салдарға әкелуі мүмкін екенін де қарастырған.

Time журналына берген сұхбатында олар адамзат өз дамуының салдарынан ауыр зардаптарға тап болуы ықтимал екенін айтқан.

Дегенмен зерттеуде көрсетілген күннің әзілге құрылған астары да бар. Мақалада айтылғандай, 13 қараша – ғалым Хайнц фон Фёрстердің туған күні.

Шын мәнінде, зерттеудің мақсаты адамзат өркениеті қашан жойылатынын анықтау болмаған. Ғалымдар математикалық болжамдардың мүмкіндігі шектеулі екенін көрсетіп, халық санының артуы мен табиғи ресурстарды тұтынудың көбеюінен туындайтын мәселелерге назар аударуды көздеген.

Сондықтан 2026 жылғы 13 қарашаны ғылым дәлелдеген ақырзаман күні деп қабылдауға негіз жоқ.

Бұл – өткен ғасырдағы халық санының өсу үрдісіне сүйеніп жасалған математикалық модельдің нәтижесі ғана.