×
$
453.93
€
508.72
₽
5.35
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
453.93
€
508.72
₽
5.35

«Яндекске» жасалған дрон шабуылы Қазақстандағы жаппай ақауға себеп болды ма?

Бүгін, 10:50
«Яндекске» жасалған дрон шабуылы Қазақстандағы жаппай ақауға себеп болды ма?
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстандықтар «Яндекс Go» қосымшасының жұмысында ақау пайда болғанын айтып, шағымданып жатыр. Қолданушылар такси шақыра алмай, баратын жеріне бағыт құруда және қосымшаның кейбір қызметтерін пайдалануда қиындықтарға тап болған. Мұндай шағымдар Ресей, Өзбекстан, Түркия, Беларусь, Армения және Сербиядан да түсіп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қазақстандықтар такси шақыра алмай отыр

Қолданушылардың айтуынша, көлік шақырмақ болғанда қосымша дұрыс жұмыс істемей, қате көрсетеді. Кейбірі баратын жеріне бағыт құра алмаса, енді бірі тапсырыс бере алмай отыр.

Редакцияға Түркияның Ыстанбұл қаласындағы қолданушылар да осындай мәселеге тап болғанын хабарлаған. Бұдан бөлек, өзге елдерден де шағымдар түсіп жатыр.

Ақау такси жүргізушілерінің жұмысына да әсер еткен. «Осторожно, новости» Telegram-арнасының мәліметінше, такси жүргізушілері мен курьерлер тапсырыс қабылдап, жұмыс істейтін «Яндекс Про» қосымшасы да істен шыққан.

Соның салдарынан жүргізушілер тапсырыстарды әдеттегідей қабылдай алмай, жолаушылар такси қызметін пайдалана алмай отыр.

Мұндай шағымдар Ресейдің бірнеше қаласынан, атап айтқанда Мәскеу, Санкт-Петербург, Пермь, Красноярск және Владивостоктан да түскен.

Мән-жай

Ресейдің Владимир облысында дрондар компанияның деректер орталығына шабуыл жасаған.

БАҚ мәліметінше, соққыдан кейін нысанда өрт шығып, оның жұмысы толық тоқтаған.

Компания өкілдері дрондардың шабуылынан кейін деректер орталығының жұмысы тоқтағанын растады. Оқиғадан зардап шеккендер жоқ екені хабарланды.

Осы жағдайдан кейін Yandex Cloud бұлттық платформасы мен компанияның өзге де сервистерінің жұмысында іркілістер байқалғаны туралы ақпарат тарады.

Алайда Қазақстан мен басқа елдердегі «Яндекс Go» қосымшасының істен шығуына деректер орталығының зақымдануы тікелей себеп болды ма, әзірге белгісіз.

Тағы қандай сервистер жұмыс істемей тұр?

Қолданушылар тек такси шақыру мен жеткізу қызметіне ғана емес, басқа да сервистерге қатысты шағымданып жатыр.

Атап айтқанда, «Алиса» көмекшісі, «Яндекс Музыка», ақылды үй жүйесі және «Яндекс Пэй» төлем сервисінің жұмысында да ақаулар байқалғаны хабарланды.

Сонымен қатар, ақау компанияның ішкі бағдарламаларына да әсер еткен. Бұл жүйелерді тұтынушыларға қолдау көрсету қызметінің мамандары, такси жүргізушілері мен курьерлер пайдаланады.

Бұл алғашқы шабуыл емес

Бұған дейін, 8 қазанға қараған түні, ұшқышсыз ұшу аппараттары Ресейдің Рязань облысындағы Сасово қаласында орналасқан «Яндекс» деректер орталығына шабуыл жасаған.

Соққыдан кейін нысанда өрт шығып, оның жұмысын тоқтатуға тура келген.

Сондай-ақ, Калугадағы осыған ұқсас деректер орталығының да зақымданғаны туралы ақпарат тараған.