×
$
444.3
€
490.91
₽
5.41
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
444.3
€
490.91
₽
5.41

Microsoft ауқымды ақаудан кейін бағдарламаларының жұмысын қалпына келтірді

Бүгін, 12:38
Microsoft ауқымды ақаудан кейін бағдарламаларының жұмысын қалпына келтірді
АР

Microsoft компаниясы бір тәуліктен аса уақытқа созылған ауқымды ақаудан кейін Outlook, Teams, Copilot және басқа да бағдарламаларының жұмысын қалпына келтіргенін мәлімдеді. Дегенмен корпоратив пайдаланушылар үшін кейбір мәселелер әлі толық шешілген жоқ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ауқымды ақау 12 қарашада басталып, Microsoft бағдарламаларын пайдаланатын бірнеше елдің тұрғындарына әсер етті. Салдарынан Outlook электрон поштасы, онлайн жиналыстарға арналған Teams қосымшасы, Copilot жасанды интеллект көмекшісі және компанияның басқа да қызметтері істен шықты.

Мәселеге қарапайым пайдаланушылармен қатар, түрлі компаниялар мен мемлекеттік мекемелер де тап болды. Downdetector платформасының мәліметінше, әлем бойынша сервистердің жұмысына қатысты 7,4 миллионнан астам шағым тіркелген.

Ақауға не себеп болды?

Microsoft өкілдері мәселенің туындауына техникалық қате себеп болғанын хабарлады. Компания ақаудың кибершабуылға немесе жасанды интеллект жүйелеріне қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

Желінің өткізу қабілетін арттыру кезінде бұрын жіберілген техникалық қателік ақауға әкелген. Желі инфрақұрылымына енгізілген соңғы өзгерістерден кейін мәселе анық байқала бастаған.

Жаңа ақаулардың алдын алу үшін компания сервистердің жұмысын біртіндеп қалпына келтірген.

Барлық қызмет толық іске қосылды ма?

Microsoft мәліметінше, қарапайым пайдаланушыларға арналған қосымшалар қалыпты жұмыс істей бастаған. Алайда Microsoft 365 корпоратив сервистерін толық қалпына келтіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр.

Мамандар ақау кезінде жиналып қалған электрон хаттардың адресаттарға жеткізілуін тексеріп жатыр.

Компания негізгі мәселелер шешілгеннен кейін де жүйелердің жұмысын бақылауды жалғастыратынын мәлімдеді. Сондай-ақ, ішкі тексеру аяқталған соң ақаудың себептері туралы толық есеп жариялауға уәде берді.

Reuters агенттігінің мәліметінше, бұл оқиға Microsoft тарихындағы ең ұзаққа созылған ақаулардың бірі болды. Бұған қоса, 2026 жылы компания сервистерінде мұндай ірі іркіліс екінші рет тіркеліп отыр.

Сізге қызық болуы мүмкін