Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілі орфографиясының ғылыми негізін зерделеп, емле мен ережелерді жүйелеу жұмысын келесі жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды. Президент қазақ тіліндегі сөздер мен ұғымдардың әртүрлі қолданылуы тіл бірізділігіне кері әсер етіп отырғанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Тоқаевтың сөзінше, қазақ тілінің ғылым мен өндіріс тіліне айналуы үшін ғалымдардың әлеуетін арттырып, жоғары оқу орындарында қазақ тіліндегі ғылыми-зерттеу еңбектеріне басымдық беру қажет.
Мемлекет басшысы тілдегі бірізділік мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, қазір қазақ тіліндегі кейбір сөздер мен ұғымдар әртүрлі қолданылып жүр. Бұл жұртты шатастырып, тіл тазалығына кері әсер етеді.
– Сондықтан қазақ тілін қолдану ісінде нақты жүйенің, белгілі бір тәртіптің болуына баса мән берген жөн. Жалпы, осы мәселеге кең ауқымда қараған дұрыс. Ең алдымен, емле мен ережені түгендеп, жүйелеу керек. Бұған қоса, барлық сөздікті, соның ішінде орфографиялық сөздікті жаңартатын уақыт келді, – деді президент.
Тоқаев Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі мемлекеттік деңгейде кейінгі рет 1983 жылы бекітілгенін еске салды. Одан кейін бірнеше сөздік жарық көргенімен, олардың ешқайсысы мемлекеттік деңгейде бекітілмеген әрі заңды күші жоқ екенін атап өтті.
Президент кейбір көрші мемлекеттерде мұндай ғылыми еңбектер бес жыл сайын жаңартылатынын айтып, Қазақстанда да қазақ тілі орфографиясын ретке келтіру қажеттігін жеткізді.
– Сондықтан біз де қазақ тілі орфографиясының ғылыми негізін зерделеп, жедел түрде ретке келтіруіміз керек. Осы жұмысты келесі жылдың соңына дейін аяқтау қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.