×
$
453.93
€
508.72
₽
5.35
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
453.93
€
508.72
₽
5.35

«Саяси сауаты жоқ»: Санжар Керімбай Роза Бағланованы неге құнсыздандырды

Бүгін, 13:15
«Саяси сауаты жоқ»: Санжар Керімбай Роза Бағланованы неге құнсыздандырды
Ulysmedia.kz коллажы

Медиамаман, журналист-редактор Жәнібек Нұрыш-Смағұл баспагер Санжар Керімбай мен Әділбек Нәбидің «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабындағы Роза Бағлановаға қатысты тұжырымды сынға алды. Оның пікірінше, кітапта әншінің саяси сауатын жоққа шығаратын әрі Арал теңізінің қасіреті туралы мәлімдемесінің авторлығын Өзбекәлі Жәнібекке телитін пікір жеткілікті дәлелсіз берілген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ДӘЛЕЛСІЗ ТҰЖЫРЫМ

Facebook-парақшасында жазуынша, журналист бұл мәселеге 2024 жылы, бір контентті әзірлеу кезінде назар аударған. Кітаптан Роза Бағланованың Арал теңізінің қасіреті, Семей полигоны мен Байқоңырдың зардабы туралы сөйлегеніне қатысты мәтінді көрген.

Әңгіме әншінің экологиялық апаттың қазақ халқына тигізген зардабын мінберден ашық айтқан видеосы туралы болып отыр. Жәнібек Нұрыш-Смағұлдың сөзінше, ұзақтығы екі минуттай ғана болатын бұл жазба көрерменді бейжай қалдырмайды. Әншінің өз дауысымен айтқан сөзі де ерекше әсер етеді.

Алайда Санжар Керімбай кітапта аты-жөні көрсетілмеген куәгердің сөзін келтіріп, Роза Бағланованың саяси сауатына күмән келтіретін тұжырым жасаған.

«Өмірін өнер сахнасында өткізген әншінің мұндай тақырыпқа терең кіретін саяси сауаты да жоқ. Негізі бұл мәтіннің авторы – Өзбекәлі. Ол қазақтың қасіретті тарихын тіке айта алмағасын осындай айналма жолдарды жиі пайдаланатын», – делінген кітаптағы үзіндіде.

Жәнібек Нұрыш-Смағұл дәл осы сөйлемдерге шүйліккен. Оның пікірінше, кітапта оқырманға екі үлкен тұжырым ұсынылған: біріншісі – Роза Бағланованың мұндай саяси мәні бар тақырыпты терең түсінуге сауаты жетпегені, екіншісі – әншінің мінберде айтқан сөзінің шын авторы Өзбекәлі Жәнібек екені. Бірақ осы пікірлерді растайтын нақты дерек келтірілмеген.

«Неге жоқ? Роза Бағланова мұндай сөзді өзі айта алмай ма? Бар өмірін сахнада өткізгені адамның азаматтық позициясын автоматты түрде жоққа шығара ма? Кітапта мұны айтты делінетін куәгер кім өзі? Өзбекәлі Жәнібек осы сөздерді Розаға жазып бергенін өз көзімен көрген бе? Әлде біреуден естіген бе? Оны да білмейміз», – деп жазады журналист.

Ол Роза Бағланова мен Өзбекәлі Жәнібек өмірден өткендіктен, бұл мәліметті олардың өздерінен сұрап, тексеру мүмкін емес екенін атап өтті. Сондықтан аты-жөні белгісіз куәгердің сөзіне сүйеніп, тарихи тұлғалар туралы кесімді пікір айту үшін әлдеқайда салмақты дәлел қажет деп санайды.

РОЗА БАҒЛАНОВА АРАЛ ҚАСІРЕТІ ЖАЙЛЫ НЕ ДЕДІ?

Жәнібек Нұрыш-Смағұл бұл мәселеде журналист Айгүл Аханбайқызының 2021 жылы наурызда «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Ұлттың үні. Әнші Бағланованың батырлығы туралы» мақаласын маңызды дереккөз ретінде атайды. Оның айтуынша, Айгүл Аханбайқызы видеодағы сөздің қайдан шыққанын арнайы зерттеп, «Арал туралы реквием» деректі фильмінің режиссері Сағатбек Махмұтпен сөйлескен. Осылайша журналист оқиғаның мән-жайын тікелей дереккөзден анықтауға тырысқан.

видеодан скриншот

Бұл ретте Роза Бағланованың сөз сөйлеген жері туралы жарияланымдарда әртүрлі мәлімет бар. Qazaqconcert сайты мен өзге де материалдарда әнші бұл сөзді 1988 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің сессиясында айтқан деп көрсетілсе, Jibek Joly архивтік бағдарламасында Алматыдағы Орталық комитет пленумы туралы мәлімет берілген.

Ал Сағатбек Махмұт Айгүл Аханбайқызына бұл сөз Мәскеудегі Фадеев атындағы Әдебиетшілер үйінде шетелдік ақындар мен журналистер қатысқан халықаралық жиында айтылғанын жеткізген. Мақалада әншінің мінберде қағазға қарап сөйлемегеніне де назар аударылған. Журналист Роза Бағланованың сөзін қазақшаға аударып, оқырманға ұсынған.

«Қараңызшы, қазақ елінің жерінде не бар: Семейде – полигон, Байқоңырда – космодром, Аралда – у. Сонда қазақтар қайда барып өмір сүруі керек? Егер бұл жағдай шетелде, Америкада болса, олар тұтас ұлтты өлтіріп жатыр деп айғайлайтын еді», – деген Роза Бағланова.

Әнші сөзінің жалғасында экологиялық апаттың адам өміріне тигізген зардабын да айтады. Оның айтуынша, өзі барған жерлерде ауыр дертке шалдыққан, дене мүшелері кем балаларды көрген. Осыны еске алып, тұтас ұлттың қайғысын кімге айтып, қай мекемеге жүгіну керегін сұраған.

«Мен ол жерлерде болдым. Маған оны көру өте ауыр болды. Нәрестелердің көзі жоқ, таңдайсыз туылып жатыр, басында шашы жоқ, аяғы, қолы жоқ балалар туылып жатыр. Бұл не сұмдық? Кімнен сұрауымыз керек? Кімге барып айтуымыз керек? Тұтас ұлттың жан азабын, қайғысын, қасіретін естірту үшін, бізді тыңдау үшін қандай тиісті орындарға дейін баруымыз керек?» – деген әнші.

Жәнібек Нұрыш-Смағұл осы сөздердегі «Мен ол жерлерде болдым» деген сөйлемге ерекше мән береді. Оның пікірінше, Роза Бағланова Арал қасіретін сырттай естіп қана қоймаған. Әншінің өзі Қазалыда дүниеге келген, Арал өңірімен тамырлас. Оның үстіне, видеодағы сөзінде апаттың зардабын өз көзімен көргенін айтып отыр.

«Сонда Роза Бағланова осының бәрін түсініп, азаматтық позициясын өзі білдіруге қабілеті жетпейді деп айту не керек?» – деп жазады журналист.

«МӘТІННІҢ АВТОРЫ  – ӨЗБЕКӘЛІ» ДЕГЕН ТҰЖЫРЫМҒА ДӘЛЕЛ КЕРЕК

Жәнібек Нұрыш-Смағұл Өзбекәлі Жәнібектің әнші айтқан сөзге қатысы болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Оның пікірінше, Өзбекәлі Жәнібек Роза Бағлановамен алдын ала сөйлесіп, оған дерек беруі немесе мәтінді әзірлеуге араласуы ықтимал. Алайда мұның бәрі әзірге болжам ғана.

Журналист мұндай тұжырымды дәлелдеу үшін нақты құжат, сенімді куәлік немесе оқиғаға қатысқан адамдардың естелігі қажет екенін айтады. Егер Өзбекәлі Жәнібектің сөзге авторлық қатысын растайтын дерек болса, кітап авторлары оны көрсетуі керек.

«Бірақ оны дәлелдеу үшін Роза Бағланованың саяси сауатын жоққа шығаруға мүлде болмайды. Өзбекәлі Жәнібектің тұлғасын биіктету үшін Роза Бағланованы кішірейтудің қажеті қанша? Еш қажеті жоқ», – деп жазады ол.

Журналистің пікірінше, әншінің саяси мәні бар мәлімдеме жасауға қабілеті жетпеді дегенге саятын логика оның азаматтық ұстанымын, батылдығын және өз көзімен көргенін айту құқығын жоққа шығарады. Ол тарихта әйелдің батылдығы мен азаматтық позициясын түсіндіру үшін оның артынан міндетті түрде ер адамды іздеп, шынайы авторлықты соған телу мәселесін де зерттеуге тұрарлық деп есептейді.

Жәнібек Нұрыш-Смағұл Роза Бағланова мен Өзбекәлі Жәнібектің өмірбаянын арнайы зерттемегенін, сондықтан оқиға туралы кесімді пікір айта алмайтынын ескертеді. Дегенмен журналистік ұстанымы бойынша, аты-жөні көрсетілмеген бір куәгердің сөзіне сүйеніп, адамның саяси сауатын жоққа шығаруға және оның сөзін басқа біреуге телуге болмайды.

АВТОРЛАР КЕШІРІМ СҰРАЙ МА?

Жазба авторы «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабындағы бұл үзіндіні Роза Бағланованы құнсыздандыратын тұс деп бағалайды. Ол кітап қайта басылған жағдайда «Туристерді тарту» бөліміндегі мәтінді қайта қарау қажет деп санайды.

Журналист авторлардан «мәтіннің авторы – Өзбекәлі» деген тұжырымды растайтын нақты дерек болса, оны көрсетуді, ал ондай дерек болмаса, мұны ашық жазуды сұрайды.

Сонымен бірге ол «Роза Бағланованың мұндай тақырыпқа терең кіретін саяси сауаты да жоқ» деген сөйлемді кітаптан тұтастай алып тастап, оқырманға түсініктеме беруді ұсынады. Авторлар кешірім сұраса да артық болмайды деп есептейді.

«Өзбекәлі Жәнібек те, Роза Бағланова да алып тұлғалар. Екеуі де көзі тірісінде мойындалған тұлғалар. Бірін кішірейте отырып екіншісін көтерудің қажеті жоқ. Керісінше, зиян», – деп түйіндеген журналист.