×
$
453.93
€
508.72
₽
5.35
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
453.93
€
508.72
₽
5.35

Зооқорғаушы Тепляковтың өлімінен кейін панажайдағы иттер қайда жіберіледі

Бүгін, 14:48
Зооқорғаушы Тепляковтың өлімінен кейін панажайдағы иттер қайда жіберіледі
Ulysmedia коллажы

Алматы облысында қаза тапқан зооқорғаушы Владимир Тепляковтың панажайында қалған 90-ға жуық ит азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Жануарларды басқа панажайлар мен жеке үйлерге орналастыру жұмыстары басталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Жұмысты «ДОС» панажайының жетекшісі Рамзан Бацалов үйлестіріп жатыр. Ол Жамбыл ауданының Тұрат саяжай алқабындағы «Твардовский дом» панасына барған. Қазіргі уақытта оның аумағында полиция жұмысы жалғасып жатыр.

— Владимир Тепляков — біздің досымыз, бәрімізге ортақ жолдасымыз. Қазір аудан әкімдіктерімен бірлесіп, иттердің тағдырын шешіп жатырмыз. Оларды басқа панажайларға, жеке үйлерге орналастырамыз. Ит асырап алуға мүмкіндігі бар тұрғындардан үн қатуды сұраймыз. Әркім ең болмағанда бір иттен алып кетсе де, үлкен көмек болар еді, — деді Бацалов.

Әкімдік жануарларды тасымалдауға көлік пен жұмысшылар бөлген. Бацаловтың айтуынша, еріктілер, жануарларға арналған панажайлар мен жергілікті билік өкілдері бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Ол әлеуметтік желілерде оларды бір-біріне қарсы қоймауға үндеді.

— Әкімдіктер біреуді қуып жатыр немесе ветеринариялық станцияларды шақырып жатыр деген қауесет таратпауды сұраймын. Біз бұл қайғылы жағдайды бірге еңсеруге тырысып жатырмыз. Осы жағдайды өз пайдасына жаратып, пиар жасаудың қажеті жоқ. Ақпаратты оқиға орнында жүрген адамдардан біліңіздер, — деді зооқорғаушы.

Панажайдың бұдан кейінгі тағдырын Тепляковтың отбасы шешеді.

Контекст

7 қазанда Алматы облысының полициясы Владимир Тепляковтың өліміне байланысты қылмыстық іс қозғады. Зооқорғаушылар оның оқ жарақатынан қаза тапқанын хабарлаған. Тергеу полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында. Әзірше істің өзге мән-жайы жарияланған жоқ.

Тепляков «Твардовский дом» панажайын 2015 жылы асырап алған ұлы Ілиястың құрметіне құрған. Ілияс жануарларға көмектесетін үлкен орталық ашуды армандаған, алайда ерте қайтыс болған.

Осы жылдар ішінде панажай бірнеше рет көшуге мәжбүр болған. Мұнда соққыға жығылған, көлік қағып кеткен, әбден әлсіреген немесе ауру иттерге қамқорлық көрсетілген.

Тепляков қаза тапқаннан кейін панажайдың жұмысы оның жұбайы Татьяна мен еріктілердің мойнында қалды.