Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) 2026 жылы Қазақстан экономикасының өсімі 4,4%, ал жылдық орташа инфляция 10,3% болады деп болжап отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қазақстан экономикасын не күтіп тұр?
Салыстырмалы түрде айтсақ, 2025 жылы тұтыну бағалары 11,4% өсті. Төлем балансының ағымдағы шоты жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 0,5%-ы деңгейінде профицитке шығады деп болжанып отыр. Ал бір жыл бұрын бұл көрсеткіш ЖІӨ-нің 4,1%-ы деңгейінде тапшылық көрсеткен.
2026 жылы жұмыссыздық деңгейі 4,6% шамасында сақталып, 2027 жылы 4,5%-ға дейін аздап төмендейді.
Рекордтық өсімнен кейін баяулау
2026 жылға арналған болжам экономика өсімінің баяулайтынын көрсетеді. 2025 жылы Қазақстан экономикасы 6,5%-ға өскен еді. Соған қарамастан, биылғы 4,4% өсім әлемдік орташа көрсеткіштен едәуір жоғары.
ХВҚ 2026 жылы әлемдік экономиканың өсімін 3,1%, ал 2027 жылы 3,4% деңгейінде болжайды.
Қазақстан мұнай экспорттаушы елдер арасында да ерекшеленеді. Қор болжамынша, бұл елдер тобының жалпы ішкі өнімі 2026 жылы 3,8% төмендейді. Сауд Арабиясының экономикасы 3,3%, Біріккен Араб Әмірліктерінікі 3,9% қысқарса, Иракта құлдырау 16%-ға жетуі мүмкін. Осындай жағдайда Қазақстан экономикасының 4,4% өсуі жақсы нәтиже саналады.
Қазақстан көрші елдерден қалып келеді
ХВҚ Кавказ бен Орталық Азия елдерінің экономикасы 2026 жылы орта есеппен 5,2%-ға өседі деп күтеді. Бұл ретте Қазақстан экономикалық өсім қарқыны бойынша көршілерінен төмен тұр.
Қор болжамына сәйкес, Өзбекстан экономикасы 7,8%, Қырғызстан 9%, Тәжікстан 7,3% өседі. Дегенмен Қазақстан өңірдегі ең ірі экономика мәртебесін сақтап отыр.
Инфляция әлемдік деңгейден екі есе жоғары
2026 жылы әлемдік инфляцияның орташа деңгейі 4,7% болады деп болжанып отыр. Қазақстандағы 10,3% көрсеткіші бұл деңгейден екі еседен астам жоғары.
Кавказ бен Орталық Азия елдерінде инфляция орта есеппен 8% болады. Қазақстандағы көрсеткіш өңірлік деңгейден де айтарлықтай жоғары.
2027 жылы Қазақстандағы инфляция 8,2%-ға дейін төмендейді деп болжанып отыр. Ал әлемдік инфляция сол кезеңде 4,1%-ға дейін баяулауы мүмкін.
Мұнай бағасы мен ықтимал тәуекелдер
Болжамда мұнайдың орташа бағасы 2026 жылы барреліне 95,74 доллар, ал 2027 жылы 87,39 доллар болады деп есептелген.
ХВҚ әлемдік экономикаға төнетін тәуекелдер теріс бағытта күшейіп отырғанын ескертеді. Таяу Шығыстағы қақтығыстың ұзаққа созылуы энергия тасымалдаушылардың бағасын көтеріп, инфляциялық қысымды күшейтуі мүмкін.
Бұған қоса, энергетикалық инфрақұрылымдағы іркілістер мен экстремалды ауа райы құбылыстары жағдайды ушықтыруы ықтимал.
Баяндамада жасанды интеллект саласына инвестициялардың қарқынды өсуі әлемдік экономиканы қолдап отырғаны да айтылған. Алайда жасанды интеллектке қатысты күтулер шектен тыс жоғары болып шықса, инвестициялар күрт қысқарып, қаржылық жағдайлар қатаңдауы мүмкін.