Қазақстан билігі Астанада бұрын олигарх Қайрат Боранбаевқа тиесілі болған элиталық Fitnation фитнес-клубын сата алмады. Саудаға бірде-бір сатып алушы өтініш бермеген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Саудаға не қойылды?
Сауда 15 қазанда e-Qazyna.kz электронды алаңында өтті. Лотты Астананың активтер және мемлекеттік сатып алулар басқармасы ұсынған.
Саудаға Тұран даңғылы, 4/1 мекенжайында орналасқан Fitnation спорттық-сауықтыру орталығы қойылды. Оның құрамына жалпы ауданы 4 043 шаршы метр болатын ғимарат пен қосалқы құрылыстар, сондай-ақ 510 бірлік жабдық кірді.
Кешенде жаттығу залдары, кардио аймақтары, бассейндер, спа-кешен және кеңсе бөлмелері бар. Нысан Астана әкімдігіне қарасты «Дәулет» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының балансында тұр.
Кешеннің бастапқы бағасы 2 913 037 603 теңге болды. Сонымен қатар сатып алушы бес жыл бойы ғимараттың мақсатын сақтап, оны тек спорттық немесе дене шынықтыру-сауықтыру кешені ретінде пайдалануға міндеттелді.
Алайда сауда өтпеді деп танылды. Белгіленген уақытта электронды алаңда сатып алушылардан бірде-бір өтініш түспеген.
Fitnation мемлекетке қалай өтті?
2023 жылғы наурызда Қайрат Боранбаев ұрлық жасады деген күдікпен ұсталып, алты жылға бас бостандығынан айырылды. Активтерді мемлекетке қайтару аясында ол бірнеше компаниясын, соның ішінде фитнес-клубтар желісін, газ тарату компаниясын, қонақүйлер мен сауда-ойын-сауық кешендерін мемлекетке берді.
Сондай-ақ Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 30 млрд теңге аударды.
2023 жылғы қарашада Боранбаев бостандыққа шықты. Сот бас бостандығынан айыру жазасын бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырды.
Бұл — олигархтың активтерін сатуға жасалған алғашқы сәтсіз әрекет емес. Бұған дейін мемлекет оның Phystech II мұнай компаниясын жекешелендіруге тырысқанымен, сауда өтпей қалған.
2025 жылғы сәуірде Боранбаевқа тиесілі Алматыдағы Fitnation фитнес-клубының тағы бір филиалы 3,35 млрд теңгеге сатылымға шығарылған еді.