×
$
452.59
€
507.67
₽
5.48
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
452.59
€
507.67
₽
5.48

Ресейде Волгоградты Сталинград, Санкт-Петербургті Ленинград деп қайта атау ұсынылды

Бүгін, 11:01
Ресейде Волгоградты Сталинград, Санкт-Петербургті Ленинград деп қайта атау ұсынылды
Pixabay.com

Ресейде Волгоград пен Санкт-Петербург қалаларына кеңестік атауларын қайтару ұсынылды. Тиісті заң жобасы Мемлекеттік думаға енгізілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

КСРО-ға оралу

Бастаманың авторы – Мемлекеттік думаның Коммунистік партия атынан сайланған депутаты Анжелика Глазкова. Ол Волгоград қаласын Сталинград, ал Санкт-Петербургті Ленинград деп қайта атауды ұсынады. Депутаттың жоспарына сәйкес, заң күшіне енгеннен кейін бір жыл ішінде қалалардың атауы өзгеруі керек.

Бұдан бөлек, заң жобасында «қаһарман қала» атағын алған қалалардың атауын өзгертуге тыйым салу көзделген. Бұл атақ Отан соғысы жылдарында тұрғындары ерлік көрсеткен қалаларға берілген.

Глазкова бастамасын «тарихи әділдікті қалпына келтіру» деп түсіндірді.

– «Санкт-Петербург қоршауы» немесе «Волгоград шайқасы» деп айту да біртүрлі болар еді, – делінген заң жобасына түсіндірме жазбада.

Құжатта кеңестік рәміздерді қайтару да қарастырылған. Атап айтқанда, қаһарман қалалардың елтаңбалары мен туында Ленин ордені мен «Алтын Жұлдыз» медалін бейнелеу ұсынылған.

Санкт-Петербург бұл ұсыныспен келіспейді

Коммунистердің бастамасы қарсылыққа тап болды. Санкт-Петербургтің Заң шығару жиналысының төрағасы Александр Бельский қаланың атауын қайта өзгертудің қажеті жоқ екенін мәлімдеді.

– Мен Ленинградта туып-өстім, қазір Санкт-Петербургте тұрып, жұмыс істеймін. Мен үшін бұл – атауына қарамастан, тарихы бір-бірімен тығыз байланысты бір сүйікті қала. Сондықтан оны қайта атаудың қажеті жоқ деп есептеймін, – деп жазды Бельский.

Ол 1991 жылы референдум арқылы қала тұрғындарының Санкт-Петербург атауын қайтаруды қолдағанын еске салды.

Сталинград атауын қайтару алғаш рет ұсынылып отырған жоқ

Волгоград 1925 жылдан 1961 жылға дейін Сталинград деп аталды. Кеңес басшысы Иосиф Сталиннің есімі десталинизация кезеңінде қала атауынан алынып тасталды.

Ал Санкт-Петербург 1924 жылдан 1991 жылға дейін Ленинград аталды.

Ресейде кеңестік атауларды қайтару туралы пікірталас көптен бері жалғасып келеді. 2025 жылы Ресей президенті Владимир Путин Волгоградты қайта атау мүмкіндігін жоққа шығармағанымен, бұл шешімді қала тұрғындары қабылдауы керек екенін айтқан.

Сол жылы Волгоград әуежайына «Сталинград» атауы берілді. Қаланың өзінде бұл атау еске алу күндерінде уақытша қолданылады.