×
$
452.59
€
507.67
₽
5.48
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
452.59
€
507.67
₽
5.48

Трамп Зеленскийді сынады, ал Украина Patriot зымырандарын ала алмай отыр

Бүгін, 12:43
Трамп Зеленскийді сынады, ал Украина Patriot зымырандарын ала алмай отыр
Win McNamee / Getty Images

АҚШ президенті Дональд Трамп Украина басшысы Владимир Зеленскийдің соғысты тоқтату үшін жеткілікті әрекет жасамай отырғанын мәлімдеді. Ал Зеленский АҚШ сенаторларын Вашингтон әкімшілігіне қысым жасауға шақырып, Украинаға әскери көмек пен барлау ақпараттарын жеткізудегі шектеулерді алып тастауды сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жайы

Трамптың айтуынша, Зеленский соғысты әлдеқашан аяқтап, әлдеқайда тиімді келісімге қол жеткізуі керек еді. АҚШ президенті қазіргі уақытта майдан шебінде айтарлықтай өзгеріс жоқ екенін айтып, Украина басшысы келіссөз жүргізуді басқа адамға тапсырғаны дұрыс болар еді деген пікір білдірді.

Сондай-ақ Трамп Вашингтонның Украинаға көрсеткен көмегіне күмән келтіріп, АҚШ-тың Киевтен қандай пайда көргенін сұрады.

– Біз Украинаға үлкен көмек көрсеттік. Ал Украина бізге не берді? Ештеңе, – деді ол.

Patriot зымырандарын жеткізуге кедергі бар

The Washington Post басылымының мәліметінше, Трамп әкімшілігі Украинаға Patriot әуе қорғанысы жүйелеріне арналған зымырандарды жеткізуге әлі рұқсат бермеген.

Зымырандардың бір бөлігі Украинаға қолдау көрсететін елдер арқылы жеткізілуге тиіс. Алайда мұндай жеткізілімдер үшін АҚШ Қорғаныс министрі Пит Хегсеттің мақұлдауы қажет. Ол жеткізілімдерге ресми түрде тыйым салмағанымен, қажетті рәсімдерді әлі аяқтамаған. Бұл Еуропа елдерінен Киевке зымыран жеткізуге кедергі келтіріп отыр.

Зеленский АҚШ сенаторларынан көмек сұрады

Axios басылымының жазуынша, Украина президенті екі партияның сенаторларымен онлайн сөйлесу барысында Трамп әкімшілігіне қысым жасап, барлау ақпараттарымен алмасу мен қару-жарақ жеткізуге қойылған шектеулерді алып тастауға көмектесуді сұраған.

Республикашыл Том Тиллис пен демократ Ричард Блументаль бастаған сенаторлар тобымен әңгімесінде Зеленский Украина тап болған қиындықтарға тоқталған. Оның айтуынша, Ақ үйдің мәлімдемелеріне қарамастан, Starlink және Starshield спутниктік жүйелері әлі де белгілі бір шектеулермен жұмыс істеп тұр.

Сондай-ақ Зеленский өткен аптада АҚШ Ресейдің баллистикалық зымырандармен жасаған шабуылдары туралы Украинаға үш рет ескерту жібермегенін айтқан. Ол мұны барлау ақпараттарымен алмасуға қойылған шектеулердің ықтимал белгісі ретінде бағалаған.

Бұдан бөлек, Украина басшысы НАТО елдері ақысын төлеп қойғанына қарамастан, Пит Хегсет Patriot жүйелеріне арналған зымырандар мен NASAMS әуе қорғанысы жүйесінде қолданылатын AIM-9X зымырандарын жеткізуге рұқсат бермей отырғанын жеткізген.

Зеленский АҚШ-қа өз ұсынысын жасаған

Axios мәліметінше, Зеленский АҚШ президентінің арнайы өкілдеріне Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына жасалатын шабуылдарды 30 күнге тоқтатуды ұсынған. Оның орнына Украина Patriot жүйелеріне арналған зымырандарды алуы керек болған.

Осылайша, Киев әскери қолдауды қалпына келтіруге тырысып жатқанда, Трамп Зеленскийді соғысты тоқтатуға жеткілікті күш салмады деп сынап отыр. Ал қару-жарақ жеткізуге қатысты шешімдердің кешігуі Украинаға әуе қорғанысын күшейтуді қиындатып отыр.