×
$
450.69
€
505.04
₽
5.45
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
450.69
€
505.04
₽
5.45

Рубионың орыс тілі туралы сөзі кездейсоқ айтылмауы мүмкін – саясаттанушы

Бүгін, 11:03
Рубионың орыс тілі туралы сөзі кездейсоқ айтылмауы мүмкін – саясаттанушы
Jonathan Ernst / Reuters

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың Өзбекстандағы орыс тіліне қатысты пікірі жайдан-жай айтылмауы мүмкін. Қазақстандық саясаттанушы Ғазиз Әбішев оның Самарқандқа сапары кезінде тіл мәселесін көтеруінің себебін түсіндіріп, бұл мәлімдеменің астарында Вашингтонның Орталық Азиядағы мүддесі жатуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мәселе орыс тілінде емес

Ғазиз Әбішевтің пікірінше, Марко Рубионың басқа ел тұрғындарының бірнеше тілде сөйлейтініне алаңдауы екіталай.

– Ол АҚШ Мемлекеттік департаментіндегі брифингтерде де басқа тілдерде сөйлеуден қашпайды. Испан тілін жетік меңгерген және сол тілде қойылған сұрақтарға егжей-тегжейлі жауап береді, – деп еске салды саясаттанушы.

Әбішевтің айтуынша, бұл жағдайға кеңірек қарау керек. Рубионың Орталық Азияға сапары қарсаңында Вашингтонның өңірдегі негізгі мүдделері айқындалған. Олардың қатарында америкалық компаниялардың табиғи ресурстарға қол жеткізуі, діни экстремизммен күрес, сондай-ақ Ресей мен Қытайдың ықпалын әлсірету бар.

Саясаттанушының болжамынша, америкалық дипломаттар мемлекеттік хатшыға Орталық Азияның бес еліндегі жағдай туралы алдын ала мәліметтер дайындаған. Сол материалдарда өңір үшін сезімтал мәселелер де қамтылуы мүмкін.

Кездейсоқ айтылған сөз емес пе?

Ғазиз Әбішев АҚШ мемлекеттік хатшысының тағы бір қырына назар аударды.

– Рубио – саясатта тәжірибесі мол адам. АҚШ-тың сайлау жүйесінде әр сөзін ойланып, ойын дәл жеткізе білетіндер ғана жетістікке жетеді. Сөзді дұрыс құрасаң, тәуекел азайып, әсері күшейеді. Сондықтан орыс тілінің мәртебесіне қатысты ескертуі алдын ала ойластырылған дипломатиялық ишара болуы мүмкін, – деп жазды саясаттанушы.

Самарқандта не болды?

Өзбекстанға сапары кезінде Марко Рубио жергілікті журналистен өзбек тілінде сөйлей алатынын сұрады. Журналист орыс тілінде сөйлегенді жөн көретінін айтқанда, мемлекеттік хатшы елдегі тілдердің мәртебесіне назар аударды.

– Сіз жергілікті тілде, өзбек тілінде сөйлейсіз бе? Бұл орыс тілі ме? Жарайды. Бұл енді мұнда ресми тіл емес, бірақ көп адамның осы тілде сөйлейтіні жақсы, – деді Рубио.

Өзбек тілі – Өзбекстандағы жалғыз мемлекеттік тіл.

Марко Рубио Самарқандқа 18 қазанда барды. Келесі күні ол «С5+1» форматындағы сыртқы істер министрлерінің кездесуіне қатысты. Жиында АҚШ пен Орталық Азияның бес елінің өкілдері өңірлік қауіпсіздік мәселелерін талқылады.