Атырауда облыстық халықты әлеуметтік қорғау департаментінің басшысы Бауыржан Асайыновтың мәйіті табылды. Полиция Ulysmedia.kz редакциясына тергеу жүріп жатқанын хабарлады.
Асайыновтың қайтыс болғанын әріптестері де растады. Мекеменің ресми парақшасында оның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтқан қазанама жарияланды.
«Ақ Жайық» дереккөздерінің мәліметінше, ер адамның мәйіті табылғанға дейін пәтерде шамамен екі апта жатқан болуы мүмкін. Ол кезде үйге жылу берілген. Соның әсерінен мәйіттегі өзгерістер жеделдеп, өлімнің нақты себебін анықтау қиындауы ықтимал.
«Ақ Жайық» дереккөздері шенеуніктің бауырымен жанжалдасқаны туралы да айтқан. Олардың мәліметінше, екеуі бірге ішімдік ішіп, кейін сөзге келіп қалған.
Болжам бойынша, бауыры Асайыновқа қол көтеріп, ол әлі тірі кезде пәтерден шығып кеткен болуы мүмкін. Редакцияға мәлімет бергендердің айтуынша, сол ақпарат алынған сәтте бауырының қайда екені белгісіз болған.
Алайда бұл жайттар әзірге ресми расталған жоқ. Болжамды жанжалдың шенеуніктің өліміне қатысы бар-жоғы да анықталмаған. Өлімнің нақты себебі де хабарланған жоқ.
Полиция редакциямызға қазір тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді. Өзге мәліметтерді жарияламады.
Бауыржан Асайынов 2023 жылғы 4 қаңтардан бері Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша департаментін басқарған.
Бұған дейін прокуратурада, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде жұмыс істеген. Сондай-ақ, Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ішкі қауіпсіздік басқармасына жетекшілік еткен.