Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесін реформалауға қатысты кешенді жоспар әзірленеді. Президент әкімшілігі құжатты 2027 жылғы 1 маусымға дейін ұсынуға тиіс, деп хабарлайды Zakon.kz.
Мән-жайы
Мемлекет басшысы мемлекеттік басқару жүйесін цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіге негізделген жаңа экономикаға бейімдеу қажеттігін айтты.
Президенттің пікірінше, мемлекеттік аппарат қағазбастылықтан толық арылып, шешім қабылдауға кедергі келтіретін рәсімдерді қысқартуы керек. Сондай-ақ жасанды интеллектінің көмегімен қайталанатын міндеттер мен басқару жүйесіндегі қарама-қайшылықтарды жою қажет.
– Бізге шынайы реформа қажет. Көзбояушылыққа жол беруге болмайды. Бұл – құқықтық және қаржылық шаралар қабылдауды талап ететін аса күрделі үдеріс, – деді ррезидент.
Сонымен қатар ол мемлекеттік қызметшілердің кәсіби білігін арттырып, жаңа әдеп қағидаттарын әзірлеу керек екенін атап өтті. Мемлекеттік қызметшілер Конституция талаптарын басшылыққа алып, елге және халыққа адал қызмет етуге тиіс.
Мемлекет басшысы әрбір мемлекеттік мекеме өз өкілетін ғана емес, тұтас мемлекеттік аппараттың қалай жұмыс істейтінін де нақты білуі қажет екенін айтты.