×
$
457.09
€
508.42
₽
5.67
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
457.09
€
508.42
₽
5.67

Бектенов "Самұрық-Энерго" басшысының не себепті қызметінен кеткенін түсіндірді

Бүгін, 12:24
Бектенов "Самұрық-Энерго" басшысының не себепті қызметінен кеткенін түсіндірді
Ulysmedia коллажы

"Самұрық-Энерго" компаниясының бұрынғы басшысы Қайрат Мақсұтовқа электр станцияларының құрылысына қатысты мәселелер бойынша бірнеше рет ескерту жасалған. Алайда ол жағдайды түзетпеген. Бұл туралы Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді. Ол энергетикалық компания басшысының кеше қызметінен кетуіне не себеп болғанын түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ескертулер нәтиже бермеді

Олжас Бектенов Түркістан, Қызылорда және Екібастұз қалаларында жаңа электр станцияларын салу елдің энергетикалық қауіпсіздігімен тікелей байланысты екенін еске салды. Бұл жобалар Қазақстанның энергетикалық қуатын арттыруға тиіс болғанымен, олардың іске асырылуы созылып кеткен.

Премьер-министрдің айтуынша, Қайрат Мақсұтов құрылыс жұмыстары мен нысандарды уақытында іске қосуды тиісті деңгейде бақыламаған.

– Оған бірнеше рет ескерту жасалды, бірақ ол тиісті қорытынды шығармады. Сондықтан кеше президент тарапынан осындай қатаң сын айтылды, – деді Бектенов.

Енді Энергетика министрлігі мен «Самұрық-Қазына» қоры бірлесіп, осы жобалардың жүзеге асуын қамтамасыз етуге және мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін шаралар қабылдауға тиіс.

Контекст

28 қазанда «Самұрық-Қазына» қорының басқармасы Қайрат Мақсұтовты «Самұрық-Энерго» басқарма төрағасы қызметінен босатты.

Сол күні Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында энергетика саласындағы жағдайды сынға алды. Президенттің айтуынша, елде жыл сайын электр энергиясының тапшылығы байқалады, ал өңірлерде жаңа қуат көздерін іске қосу мерзімі бұзылып келеді.

Қайрат Мақсұтов «Самұрық-Энерго» компаниясын 2023 жылдың маусымынан бастап басқарды.