Президент халыққа Жолдауында заманауи жол инфрақұрылымын дамытуды елдің көлік-логистика әлеуетін арттырудың маңызды шарты ретінде атады.Тоқаевтың айтуынша, республикалық және жергілікті жолдардың сапасына қатысты талап күшейеді. Битум мен қиыршық тастың сапасын сылтауратып, жауапкершіліктен жалтаруға жол берілмейді. Ал «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашевтың пікірінше, жол деген тек асфальт емес: оның бойында байланыс, дәретхана, демалыс орындары мен өзге де қажетті қызметтер болуы керек.
Жол құрылысы неге жылдарға созылады, отандық мердігерлер сапаға қаншалықты жауапты, қаптаған камералар қауіпсіздікті қамтамасыз ете ме және ақылы жолдардан түскен қаражат қалай жұмсалады? Осы және өзге де сұрақтарға Дархан Иманашев Ulysmedia.kz-ке берген сұхбатында кеңінен жауап берді.
ТОҒЫЗ ЖЫЛҒА СОЗЫЛҒАН ЖОБА
– «ҚазАвтоЖол» биыл ШҚО-да ауқымды әрі күрделі жұмыстар жүргізіп жатыр екен. Нақты қандай істер атқарылғанын толығырақ айтып берсеңіз.
– Иә, біз қазір Өскеменнен шығып, Осинов асуына келдік. Бұл жоба 2017 жылдан бастап іске асырыла бастады. Бұл жолдың маңызы өте зор: ол Рахман қайнарына тезірек жетуге мүмкіндік береді. Жобаның ерекшелігі – таудың ортасынан жол салынды. Миллионнан астам текше метр тас жарылып, жол салынды. Миллион текше метр дегеніміз – шамамен 70 мың самосвалға тең.
– Бұл жерде мүлдем жол болмаған ба?
– Иә, тауды ортасынан ойып, жарып жол жасадық. Артымызда тұрған көпір де осы жобаның бір бөлігі. Ол – Қазақстандағы ең биік көпірлердің бірі: биіктігі 45 метр, ұзындығы 175 метр. Қазір барлық жұмыс аяқталып, тек осы көпірдің жұмыстары қалды. Қарашаның басына дейін көлік қозғалысын толық ашамыз деген жоспарымыз бар.
– Демек, құрылысы тоғыз жылға созылған жолдың аяқталатын күні жақын ғой?
– Иә. Бұл жолдың маңызы өте зор. Осы жолдың арқасында Рахман қайнарына баратын бағытты кем дегенде 5 шақырымға қысқартамыз. Рахман қайнарына дейінгі жолдың жалпы ұзындығы 400 шақырымнан асады, оның жартысын қалпына келтірдік. Осы күрделі жөндеу аясында көпір де салынып жатыр. Соңғы екі жылдың ішінде Рахман қайнарына баратын жолды толық қалпына келтірдік деп айта аламыз. Соның нәтижесінде туристер саны 20–30%-ға артты. Көпір салынып біткеннен кейін туристер одан да көбейеді.
– Бұл жолдың сіз үшін маңызы қандай? Осы жобаның аяқталуына нақты қандай үлес қостым деп ойлайсыз?
Мен үшін өте маңызды. Өзіңіз байқап отырғандай, соңғы үш жылдың ішінде жалпақ тілмен айтқанда, «сақалды жобаларды» аяқтап жатырмыз. Қарағанды – Алматы, Талдықорған – Өскемен жолдары бар. Сондай «сақалды жобалардың» бірі – осы жол. Жоба тоғыз жылдан астам уақытқа созылды, көп проблемасы болды. Соттастық. Үкімет қолдағаннан кейін қаражат бөлінді. 2024 жылы осы жоба қолға алынып, жаңа мердігер тағайындалғанда, сеніміміз аз болды. «Аяқтала ма, қалай болады, не болады?» деп ойладық.

КӨПІР ҚҰРЫЛЫСЫ ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗДІК
– Бұл көпірді кім салып жатыр? Қазақтар ма, әлде шетелдіктер ме?
– Толықтай отандық компания жұмыс істеп жатыр. Бұл жолдың тарихы қиын болды. 2017 жылдан бері отандық үш мердігер компания жұмысты бастап, аяқтай алмай, мәселе соттасуға дейін жетті. Ақырында жергілікті компаниялардың бірі тендер арқылы тағайындалып, жұмысты қолға алды. Қазір сол компания құрылысты мәресіне жеткізгелі жатыр.
– Қазақстанда мұндай көпір жоқ шығар?
– Елімізде таудың ортасында осындай биіктікте салынған көпір жоқ. Бұл көпірдің ерекшелігі де сол. Инженерлер бірден байқайды: төменгі жағы үлкенірек, одан кейін пирамида сияқты біртіндеп кішірейеді. Өйткені әр іргетас келесі сатының іргетасы болып тұрады. Сол себепті инженерлік жағынан қиындау болды. Соған қарамастан, жұмысты іске асырып жатырмыз.
Арнайы мамандар тартылып, есеп жүргізілді. Көпірдің астынан Пихтовка өзені өтеді. Су өткізетін құбыр орнатып, үстін топырақпен жауып көтере салайық деген ой болды. Бірақ мамандардың есебі бойынша, кемінде 50–100 жылда бір рет сел жүру қаупі бар екен. Сондықтан көпір салу керек деген шешімге келдік. Құбыр салсақ, сел шайып кетуі ықтимал еді.
– Бұл көпірдің сапасына қандай кепілдік бересіздер?
– Жалпы, компаниямызда орташа жөндеудің кепілдік мерзімі – бес жыл, ал күрделі жөндеу және реконструкция жұмыстарына жеті жыл кепілдік береміз. Осы 28 шақырымдық жолға мердігер компания жеті жыл кепілдік береді.
– Жобаға қанша қаражат жұмсалды, қанша адам тартылды?
– Бұл жобаның құны шамамен 20 миллиард теңге. Қазір игерілетін соңғы 8 миллиард теңгесі қалды. Жылдың соңына дейін қозғалысты ашамыз.
Мердігер компаниялардың мәліметін есепке алғанда, жобаға жүзден астам адам жұмылдырылды. Сонымен қатар 40-қа жуық арнайы техника пайдаланылды.
ЖОЛ САЛУДАҒЫ ҚИЫНДЫҚТАР
– Осы жолды салу барысында қандай қорытындыға келдіңіздер? Қандай қиындықтарға тап болдыңыздар?
– Бұл жолдың басты ерекшелігі – ұзындығы небәрі 13 шақырым болғанымен, құрылысы өте күрделі болды. Көпшілік «13 шақырым жолды екі жыл бойы салатындай не қиындық бар?» деп сұрайды. Бірақ өздеріңіз көргендей, мұнда жер бедері күрделі, еңістердің айырмашылығы үлкен. Жұмыстың қиындығы да осында болды. Бұған қоса, жол ұлттық парк аумағынан өтетіндіктен, жарылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсат жоқ. Сондықтан таудың жыныстарын экскаваторлар мен арнайы құралдардың көмегімен бұзып, жолды кеңейтуге тура келді. Қазып алынған тастарды ұсақтағыштан өткізіп, асфальт қоспасына пайдаландық. Жолдың төменгі қабатын төсеуге де сол материалдарды қолдандық.

Сондай-ақ еріген қар суының жолға жиналмауы үшін су ағатын науалар мен жүйелер орнатылды. Асфальт төсеу кезінде де қиындықтар болды. Жолдың еңісі қатты болғандықтан, асфальт төсегіштер мен жол тегістейтін катоктарды жүк көліктеріне арқанмен бекітіп, бірлесіп жұмыс істеуге тура келді.
Тағы бір қиындық – құрылыс жұмыстары кезінде туристердің қозғалысын қамтамасыз ету болды. Жазда жолды күндіз уақытша жауып, кешке қарай қайта ашып отырдық. Осылайша, туристердің Рахман қайнарына кіріп-шығуына мүмкіндік жасадық. Жалпы, бұл жол біз үшін өте маңызды. Ұзындығы небәрі 13 шақырым болғанымен, оның маңызы бүкіл Қазақстан үшін зор деп ойлаймын.
– Рахман қайнарына жол салу президенттің жеке тапсырмасы болды ма?
– Бұл жол Президенттің тапсырмалары аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың бірі ретінде қарастырылды. Қазір Рахман қайнарына инвесторлар келіп, туризмді дамытуға қызығушылық танытып отыр. Сондықтан туристік инфрақұрылымды дамыту үшін қажетті жолды алдын ала салып қоюды жөн көрдік.
ҚАЗАҚСТАН ЖОЛДАРЫН ШЕТЕЛДІКТЕР САЛА МА?
– Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ұлы құрылыс алаңына айналуы керек деп айтты. Мен бірінші кезекте мектептер, балабақшалар және жолдар құрылысы жанданады деп түсіндім. Мемлекет басшысының бұл бастамасын қалай қабылдадыңыз және оның ауқымы қандай болуы керек?
– Жол саласына келсек, бөлінетін қаржы 4 триллион теңгенің көлемінде. Биылдан бастап тапсырмаға сәйкес Қызылорда – Ақтөбе жобасын қолға алдық. Бір мезгілде 1 100 шақырым жолды екі жолақтан төрт жолаққа ұлғайтып жатырмыз. Қарағанды – Жезқазған, Сарыағаш айналма жолы, Бейнеу – Сексеуіл, Атырау – Доссор жолдары бар. Осының бәрін есептегенде, биыл 3 400 шақырым жолдың құрылысын бастап жатырмыз. Бұл – біз үшін үлкен жетістік, үлкен сабақ. Біз барлық жобаны толық іске асыруға дайынбыз.
Сандармен сөйлесек, мысалы, Қарағанды – Алматы, Талдықорған – Өскемен жолдарын аяқтаған соң көлік қозғалысы жыл сайын кем дегенде 18–20%-ға артып жатыр. Өзіңіз білесіз, табиғатымыз Швейцария мен Еуропадан кем емес. Жолдың жағдайы мен табиғат үйлескенде, өте әдемі көрініс қалыптасады.
– Қазақстанда республикалық маңызы бар жолдарды сапалы әрі уақытында салатын қанша ірі компания бар? Нарықта ойыншылар көп пе?
– Республикалық маңызы бар жолдарды есептесек, бес-алты компания бар. Бұл салада ірі компаниялар көп болғаны дұрыс. Олар құрылысты толық жүргізіп, жолды күтіп ұстау жұмыстарын да атқарып, басынан аяғына дейін жауапты болуы керек.
Қазір біз өз тарапымыздан республикалық маңызы бар жолдарда сондай деңгейге көшіп жатырмыз. Мысалы, бастапқыда бұл салада 75–85% шетелдік компаниялар болды. Қазір бізде 85% – отандық компаниялар. Енді оларға жобаны толық дайындауды, құрылысты және күтіп ұстау мәселесін тапсырып отырмыз. Қазір жұмыс басқа деңгейде жүріп жатыр. Бұрын біз дайын жобаны бергенде, олар құрылыс біткен соң кетіп қалатын. «Жазып бергендеріңді орындадық» дейтін де, әрі қарай бас қатырғысы келмейтін. Қазір көзқарас өзгеріп жатыр. Компаниялардың өздері ұсыныс жасайды, мысалы, бетоннан салуды ұсынады. Олардың кепілдік мерзімі жеті жыл болғандықтан, осы уақыт ішінде жолда ақау болмауы керек. Осындай тәсілді жергілікті жолдарға да енгізу керек деп ойлаймын.
– Сіздерді Қаржылық мониторинг агенттігі мен Бас прокуратура тексере ме?
– Жыл сайын тексереді. Біз тексеріс болғанда қуанамыз. Бәрін ашып көрсетеміз, қалай жұмыс істегенімізді, қандай шешім қабылдағанымызды түсіндіреміз. Нақтылаймыз, дәлелдейміз, көрсетеміз. Артық сұрақ туындамас үшін жұмысымыз бен есебіміздің ашық әрі тиянақты болуына мән береміз.
– Үкіметпен жұмыс істеу деңгейі қалай?
– Ұсыныстарды Көлік министрлігі арқылы енгіземіз. Жалпы Үкіметпен қарым-қатынасымыз өте жақсы, бастамаларымызды қолдайды. Үкіметтің негізгі талабы – жобаларды тез, сапалы әрі арзан іске асыру. Сол талаптарға сай тетіктерімізді дайындадық. Мысалы, бұрын Қарағанды – Астана, Қарағанды – Алматы жолдары салынғанда ескі жолды бұзып, айналма жол салып, барлық қозғалысты соған ауыстыратынбыз. Содан кейін наразылық туындайтын. Бұрынғы қателіктерді қайталамау үшін қазір Қарағанды – Жезқазған жолында ескі жолдағы қозғалысты тоқтатпай, жанынан екі жолақ салып жатырмыз. Қарағанды, Қызылорда, Ақтөбе бағыттарында да солай. Жаңа жолды салғаннан кейін қозғалысты соған ауыстырамыз да, ескі жолды реконструкциялап, тағы екі жолақты іске қосамыз. Осының арқасында жолаушыларға қолайсыздық тумайды.

БЮДЖЕТТІҢ МИЛЛИАРДТАРЫН ҚАЛАЙ ҮНЕМДЕУГЕ БОЛАДЫ?
– Жолшылардың жалақысы қанша?
– «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының кеңсесінде жұмыс істейтін қызметкерлердің орташа жалақысы шамамен 500 мың теңге. Ал жолды күтіп ұстау жұмыстарына қатысатын қызметкерлер 350–400 мың теңге алады. Ұлттық компания болғандықтан, жалақы көлемі жалпы алғанда шамалас. Ал шалғай елді мекендерде жалақы жоғары. Алматы, Астана сияқты үлкен қалалардың маңында тұратындар бұл жұмысқа қызығушылық білдірмейді. Сондықтан әдетте қызметкерлер тапшы болады.
Айтпақшы, Парламент біздің ұсынысымызды қолдап, ақылы жолдардан түскен қаражатты ақысыз жолдарға жұмсауға келісім берді.
– Бұл қаншалықты дұрыс?
– Біздің ойымызша, жолдан жиналған қаражат толығымен жолға жұмсалуы керек. Біз жолдарды күтіп ұстауға бюджеттен бір тиын да сұрамаймыз. Бұрын бюджет бізге жыл сайын шамамен 60 миллиард теңге бөлетін. Қаражатты жылдың басында бір, ортасында бір беретін. Процестер дұрыс жұмыс істемеді, өйткені тендер өткізу, келісімшарт жасау, материалдарды жеткізу керек, бәрі күрделірек болатын.
Енді ұсынысымызды Үкімет те, Парламент те қолдап, арнайы ереже дайындадық. Осы қазан айынан бастап ақылы жолдардан түскен қаражатты ақысыз жолдарға жұмсап, 60 миллиард теңгені үнемдейміз.
ЖОЛ САПАСЫ ЖӘНЕ ҚАПТАҒАН КАМЕРАЛАР
– Жол мұраты – жету. Тақтайдай тегіс жолда да емін-еркін жүре алмаймыз. Әр адым сайын камера орнату қаншалықты орынды?
– Біз жол салғанда, оған белгілі бір жылдамдыққа есеп жасаймыз. Мәселен, мына жолда қауіпсіз жүру үшін жылдамдықты сағатына 140 шақырымнан асырмау керек деген шек бар. Егер 140-пен жүрсең, жол апаты болмайды.
– 140 емес, көп жерде 90 км/сағ деп көрсетілген ғой.
– Егер жол екі жолақты болса, жылдамдық шегі – 90 км/сағ. Ал біз төрт жолақты жолдар туралы айтып отырмыз. Мұндай жолдарда жылдамдық шегі 140 км/сағ, кейбір учаскелерде 110 км/сағ болып белгіленген. Жол осы жылдамдыққа есептеліп салынғандықтан, одан асырудың қажеті жоқ.
– Жоғары жылдамдықпен жүруге болатын жерлерде шектеулер көп. Белгілер тым манипулятивті түрде қойылатын сияқты, олай емес пе?
– Бір мысал келтірейін. 2025 жылғы 17 наурыздан бастап орташа жылдамдықты өлшеу жүйесін енгіздік. Бұл жүйе бойынша екі арканың арасындағы, яғни шамамен 50 шақырымдық қашықтықты жүріп өту уақыты есепке алынады. Көлік белгілі бір уақытта бірінші аркадан өтсе, оның екінші аркаға жететін уақыты есептеледі. Жүргізушінің орташа жылдамдығы осы уақыт пен қашықтыққа сүйене отырып анықталады. Мұның арнайы формуласы бар.
Орташа жылдамдықты өлшеу жүйесін енгізгеннен кейін республика бойынша қозғалыс қарқыны 18%-ға артты, ал жол-көлік оқиғаларының саны 10%-ға азайды. Өкінішке қарай, жол салғаннан кейін кейбір жүргізушілер көлікті сағатына 200–220 шақырым жылдамдықпен жүргізеді. Ал біздің жолдар мұндай жылдамдыққа арналмаған. Сондықтан орташа жылдамдықты өлшеу жүйесін Ішкі істер министрлігімен және Бас прокуратурамен бірлесіп енгіздік.

Біз көліктердің орташа жылдамдығын есептеп, мәліметтерді Ішкі істер министрлігіне жібереміз. Ал олар заң бұзушылық анықталған жағдайда айыппұл салады. Біздің міндетіміз – жылдамдықты тіркеп, тиісті мәліметтерді жолдау. Тағы да қайталап айтамын: жүйені енгізгеннен кейін жол-көлік оқиғаларының саны 10%-ға қысқарды.
– Ол камера да ақша ғой. Оны орнату, күтіп ұстау шығынды қажет етеді.
– Бізде жолдарды патрульдеуге жұмсалатын шығындарды оңтайландыру мәселесі бар. Әр көлікті патрульдік бақылаумен қамтуға кететін қаражаттың бір бөлігін үнемдеп, сол қаржыға камералар орнатып жатырмыз. Өйткені қазір жолдардағы қозғалыс туралы толық ақпарат жоқ. Мәселен, 25 мың шақырым жолға небәрі 110 камера орнатылған. Олар тек «ақылды жолдарда» жұмыс істейді. Сондықтан жолдың қауіпті учаскелері туралы толық мәлімет жинау үшін қосымша камералар қойып жатырмыз.
Бұл камералардың мақсаты – жылдамдық өлшеу емес, жолдағы қозғалысты бақылау. Атап айтқанда, көлік ағынының қарқындылығын, жүк және жеңіл көліктердің үлесін анықтаймыз. Өйткені «ақылды жолдармен» көбіне жүк көліктері қатынайды. Осы мәліметтерді жинақтау арқылы жол инфрақұрылымын одан әрі дамытуға қатысты шешімдер қабылдай аламыз.
ЖОЛ БОЙЫНА ҚОҚЫС ТАСТАҒАНДАР ҚАЛАЙ ЖАЗАЛАНАДЫ?
– Ал жолаушылар мен жүргізушілердің мәдениеті туралы не айтар едіңіз?
– Өкінішке қарай, аса өзгерген жоқ. Жолдардың бойында қағаз, қоқыс, бөтелкелер жатады. Оңтүстік жақта үйдің қоқысын жол бойына тастау деректері көп. Малдың терісін, ішек-қарнына дейін лақтырып кететін жағдайлар болады. Бәрі мәдениетке келіп тіреледі.
Біз қазір алаңдарды камерамен қамтып жатырмыз. Сол арқылы бәрін бақылап отырмыз.
– Жол бойына қоқыс тастағаны үшін айыппұл қанша?
– Біз айыппұл салмаймыз, Ішкі істер министрлігіне арыз жазып, көліктердің нөмірлерін береміз. Айыппұлды полицейлер салады. Білуімше, 7–10 мың теңге көлемінде.
– Халық жұмыстарыңызға қатысты сын жазып жатады. Біреу ашумен, біреу қасақана жазады. Өзіңіз оқып, танысып отырасыз ба? Оларға көзқарасыңыз қандай?
– Сын бізге пайдалы. Біз көбіне Астанада боламыз, барлық өңірдегі жолдың жағдайын толық білмейміз. Ақпарат ретінде алып келеді, бірақ шын мәнінде жағдайдың қалай екенін біле бермейміз. Халықтың сын-ескертпелерін оқып, қадағалап отырамыз. Арнайы тобымыз бар. Шағымдардың бәрі әуелі орталыққа түседі, содан кейін әр филиалдың басшысы жедел әрекет етіп, мәселені шешеді.
Шағымдардың 40–45%-ы жергілікті жолдарға қатысты. Олар әкімдіктердің қарауындағы жолдар. Біз тек республикалық маңызы бар жолдарға жауаптымыз. Президент бағдарламасының арқасында жалпы 9 мыңнан астам шақырым жолда орташа жөндеу жұмыстарын қолға алдық. Оның ішінде 6 мың шақырымын тапсырдық. Соның арқасында наразылық кемінде үш есе төмендеді.
ЖОЛ БОЙЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫС ҺӘМ ДӘРЕТХАНА
– Жақында Украинада болдық. Онда төрт және алты жолақты жолдар сапалы салынған. Берлиннен Мюнхенге дейін көлікпен жеттім, жолдың бәрі тақтайдай тегіс. Жапонияның жолдарын көріп те тамсандық. Неге біз сондай деңгейге жете алмай келеміз?
– Сіз қазір жалпылама айтып отырсыз. Тек төселген жолды емес, оның бойындағы сервисті де қосып айтып отырсыз. Байланыс бар, дәретхана бар.
– Бізде сервис жоқ. Дәретхана болса да, жабық тұрады. Баламен жүрсең, ыстық тамақ та ала алмайсың. Неге?
– Біз бұған дейін өзімізді тек құрылыс операторы деп есептедік. Жолдың құрылысына ғана жауап береміз деп ойладық. Бірақ халықтың талабы басқаша. Жол деген тек асфальт емес, оның бойындағы барлық қызметті қамтиды. Байланыс болуы керек, дәретханалар мен демалатын орындар болуы қажет. Бүгінгі талап осындай. Ол дұрыс. Сондықтан біз өз форматымызды толық өзгерттік. «Тек жолға жауап береміз, басқасының бізге қатысы жоқ» деген ұстанымнан бас тарттық.
Жол бойындағы жанармай бекеттері мен қонақүйлердің бәрі – бизнес. Біз оларға жағдай жасауымыз керек. Өйткені әр бизнес үшін инфрақұрылымға жұмсалатын шығын өте жоғары. Мысалы, электр мен су тартуға кемінде 2–2,5 миллиард теңге қажет. Ондай қаражаттың бәрінде жоқ. Үлкен компанияларда болуы мүмкін, бірақ олардың қаржысын ғимарат салуға жұмсағаны дұрыс. Біз электрі мен суын, алаңын дайындап, кәсіпкерлерді шақыруымыз керек. Үкіметтік компания болғандықтан, роялти ретінде бір-екі пайыз шамасында пайда алып отырамыз. Қазір осындай модельмен жұмыс істеп жатырмыз. Мұндай тәжірибе Ресейде, Түркияда және әлемнің басқа елдерінде бар. Кейбіреулер «Неге қонақүйлер мен жанармай бекеттерін салмайсыңдар?» дейді. Ондай модельді де қолданып көрдік, бірақ пайдасы болмады. Сондықтан алаң ұсынып, инфрақұрылым дайындаған дұрыс деген шешімге келдік.
Қазір Құрылтаймен жол айналасындағы жерлер жөнінде жұмыс істеп жатырмыз. Бізге жолдың бойындағы 35 метр ғана жер берілген. Кейбір жолдардың бойындағы бос жатқан жерлерден 100 метрге дейін берсе деген ұсыныс жасадық. Біз оларды дайындап, инвесторларға жалға береміз. Егер 20 жыл ішінде ол жерді дұрыс игере алмаса, қайтарып аламыз.
– Президенттің тапсырмасымен Қазақстанда экологиялық туризмді дамыту қолға алынып жатыр. Бірақ экотуризмнен бұрын туристік жерлерге жол жүргізіп, инфрақұрылым салу маңызды. Бұл тұрғыда «ҚазАвтоЖол» қандай жұмыс атқарып жатыр?
– Қазақстан бойынша осындай туристік орындарды нақтыладық. Есебіміз бойынша, республикада 25–30 орын бар. Сол бағыттарға көңіл бөліп, Президенттің тапсырмасы бойынша жолдарға орташа жөндеу жүргіздік. Қазір Катонқарағай мен Рахман қайнарына апаратын жолда тұрмыз. Қосымша әжетханалар да орнаттық.
Қарағанды облысындағы Қарқаралыға баратын жол шамамен 30 жыл жөнделмеген еді. Оны жөндеп, әжетхана орнаттық. Жергілікті әкімдіктің дерегінше, жыл сайын туристер саны 20–30%-ға артып келеді. Көлсай мен Қайыңдыға апаратын жолдарды да былтыр аяқтадық.

– Туристік орындарға жол салудың қиындығы көп қой. Қаржылық жауапкершіліктің бәрі «ҚазАвтоЖолға» жүктеле ме, әлде әкімдіктер де қаражат бөле ме?
– Егер жол бізге қарасты бағытта болса, оны өз жауапкершілігімізге аламыз. Мысалы, Балқашқа дейін жолды жеткіздік, ал одан әрі демалыс орындарына дейінгі жолға әкімдік жауап береді. Көлсайға дейінгі жолды біз салдық, ал одан әрі Қайыңдыға апаратын жолды әкімдік салды.
– Қазақстандағы туристік орындарға апаратын жолдардың қайсын сапалы әрі заманауи жолдың үлгісі ретінде атар едіңіз?
– Бұл жерде кішкене түсініктеме болуы керек. Біз жолдың сапасын айтып отырмыз ба, әлде жол бойындағы сервисті қоса есептейміз бе? Егер сапа мен сервисті бірге айтсақ, ол – Қапшағай жолы. Дегенмен сапаға қойылатын талап барлық жолға бірдей.
Сұхбаттың толық нұсқасын Ulysmedia.kz YouTube-арнасынан көріңіздер.