Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Теміртауда қалпына келтірілген трамвай қозғалысы жүйесімен танысты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жайы
Президент трамваймен Республика даңғылынан «Инженер» аялдамасына дейін жүріп өтіп, атқарылған істің сапасын және жаңартылған көлік инфрақұрылымының пайдалануға толық әзір екенін көрді.
Qarmet компаниясы трамвайды қала тұрғындарының игілігіне екі жыл бұрын берген болатын. Содан бері аталған қоғамдық көлік миллионнан аса жолаушы тасымалдаған.

Қалада трамвайға арналған 30 шақырым шойын жол қалпына келтіріліп, ауыстырылды. Сондай-ақ жаңадан заманауи 8 вагон сатып алынды. Бұл трамвайдың кестеге сәйкес тұрақты жүруіне мүмкіндік берді.
Рельсті көлікте жолаушыларға ыңғайлы болуы үшін электронды төлем жүйесі орнатылған. Ал Qarmet кәсіпорнының жұмыскерлері мен ардагерлері трамваймен тегін жүреді.

Президент «Qarmet» АҚ басшылығымен әңгімелесу барысында металлургтер қаласындағы трамвай қатынасын қалпына келтірудің маңызын атап өтті.
Дәйексөз
– Шын мәнінде, Теміртау үшін трамвай – заманаларды байланыстыратын дәнекер іспеттес. Тұрғындардың трамвай қатынасын қалпына келтіру туралы талабын орындағаныңыз дұрыс болыпты. Комбинатқа алғаш келгеніңізде Теміртау қаласын абаттандырумен міндетті түрде айналысу қажет деп айтқан едім. Өйткені қала күтім көрмей, тозып кетті. Әлі де атқарылатын жұмыс көп, дегенмен бастамасы жақсы. Теміртау тұрғындары табиғи газбен қамтамасыз етілді. Байқауымша, халықтың көңіл-күйі көтеріңкі. Өйткені адамдар айналадағы оң өзгерістерді байқап, алғыстарын білдіруде. Еңбек ұжымының да көңіл-күйі айтарлықтай жақсарғаны байқалады. Ең бастысы, жағымды үдеріс бар. Біз комбинатты міндетті түрде прогресс пен табыстың символына айналдырамыз, тіпті оны өркендетеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.