×
$
453.87
€
508.33
₽
5.65
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
453.87
€
508.33
₽
5.65

2026 жылы банктер қазақстандықтардан қанша табыс тапты

Бүгін, 16:10
2026 жылы банктер қазақстандықтардан қанша табыс тапты
Ulysmedia коллажы

2026 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығында Қазақстан банктерінің табысы 1,8 трлн теңгеге жетті. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,6%-ға аз. Сонымен қатар банктер бизнеске несие беруді көбейтіп, халыққа берілетін қарыз көлемін қысқартты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Халыққа берілген несие

Қазақстандықтардың банктер алдындағы қарызы 26,7 трлн теңгеге жетті. Жыл басынан бері бұл көрсеткіш 7,6%-ға өскен. Оның ішінде тұтынушылық несие көлемі – 17,7 трлн теңге, ипотека – 7,9 трлн теңге. Жыл басынан бері ипотекалық қарыз 12,9%-ға артты.

Сонымен бірге қазақстандықтар жаңа несие алуды сиреткен. Қыркүйекте халыққа 1,6 трлн теңге несие берілді. Бұл былтырғы жылдың осы айымен салыстырғанда 8,8%-ға аз. Әсіресе кепілсіз тұтынушылық несие көлемі 7,6%-ға қысқарған.

Халыққа теңгемен берілетін несиелердің орташа мөлшерлемесі өзгермей, 20,6% деңгейінде қалды. Ал ипотекалық несие мөлшерлемесі 0,3 пайыздық тармаққа өсіп, 11%-ға жетті.

Бизнеске берілетін несие көбейді

Кәсіпкерлерге берілген несие көлемі, керісінше, артқан. Қыркүйекте компаниялар 2 трлн теңге жаңа несие алды. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 15,1%-ға көп. Әсіресе шағын және орта бизнеске берілген несие көлемі 41,7%-ға өсті.

Бизнеске теңгемен берілетін несиелердің орташа мөлшерлемесі 21%-ға дейін төмендеді.

Банктердегі 90 күннен астам мерзімі өткен несиелердің үлесі 3,9% немесе 1,8 трлн теңге болды.

Банктердегі депозит көлемі

Банктердегі депозиттер бір айда 2,6%-ға өсіп, 51,5 трлн теңгеге жетті. Оның 28,6 трлн теңгесі жеке тұлғалардың, 22,9 трлн теңгесі компаниялардың салымы.

Валюталық депозиттердің үлесі 18,3%-дан 18,7%-ға дейін өсті. Халықтың теңгемен салған депозиттері бойынша орташа мөлшерлеме 14,7% болды.

Банктер несие берерде қосымша сұрақ қояды

1 қазаннан бастап банктер кепілсіз онлайн несие бермес бұрын клиентке жеті сұрақ қоюға міндеттелді. Бұл талап адамның алаяқтардың қысымымен әрекет етіп отырмағанын анықтау үшін енгізілген.

Егер банкте клиенттің алаяқтардың ықпалына түскеніне қатысты белгілер байқалса, оған несие беруден бас тартуы мүмкін.