×
$
453.26
€
506.7
₽
5.58
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
453.26
€
506.7
₽
5.58

Бишімбаевтың отбасы Назым Қахарманнан 22 млн теңге талап етіп, бесінші рет сотқа берді

Бүгін, 11:00
Бишімбаевтың отбасы Назым Қахарманнан 22 млн теңге талап етіп, бесінші рет сотқа берді
Ulysmedia коллажы

Бұрынғы министр Қуандық Бишімбаевтың экс-жұбайы Назым Қахарман оның туыстарымен тағы да соттасуға мәжбүр болғанын айтты. Бұл жолы одан 22 млн теңге талап етіліп отыр. Бұл – оған қарсы берілген бесінші талап, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Назым Қахарманның айтуынша, дау Астанадағы «Хайвилл» тұрғын үй кешеніндегі коммерциялық нысанға қатысты туындаған. Некеде болған кезінде ол нысанды басқарып, жалға алушылар іздеген және оны жалға беруден табыс тапқан.

Ажырасқаннан кейін нысанды басқару Бақытжан Байжановқа өткен. Кейін Назым Қахарман он ай бойы қайтадан нысанды басқарған. Ол түскен ақшаны балаларын асырауға жұмсағанын айтады.

– Барлық түскен қаражат мектепке, алиментке, денсаулыққа, демалысқа, дәрігерлер мен репетиторларға жұмсалды, яғни мұның бәрі алимент бойынша өзара есеп айырысу болды. Барлық шығын жазылып, көрсетілді. Екінші тарап бұл туралы хабардар болды, бәрін білді және келісім берді, – деді ол.

Қахарман талапты негізсіз деп есептейді. Оның айтуынша, бұрынғы күйеуінің туыстары келісім туралы білгенімен, бірнеше жылдан кейін ақшаны қайтаруды талап еткен.

Алғашқы сот отырысы 19 қазанда өтті. Келесі отырыс 11 қарашаға жоспарланған. Назым Қахарманның мүддесін сотта адвокат қорғайды.

Туыстарының талабына наразы

Назым бұрынғы күйеуінің туыстарының дәл қазір сотқа жүгінгеніне наразы. Оның ұлы Мансұр мектепті аяқтап, шетелдік университеттерге түсуге дайындалып жатыр.

Ол балалар өтініштерін жібергеннен кейін ғана оларға жаңа талап туралы айтқанын жеткізді.

– Неге бір-екі ай күте алмадыңыздар? Үш жыл бойы күттіңіздер ғой. Ол мектепті бітіріп, университетке түскенше тағы бір жыл күтуге не кедергі болды? – деп Бишімбаевтың ата-анасына сұрақ қойды.

Әйелдің айтуынша, дауға себеп болған 22 млн теңге туыстарымен келісім бойынша балаларын асырауға жұмсалған.

Енді Назым Қахарман өзі де алимент мәселесі бойынша сотқа жүгінуді жоспарлап отыр. Оның пайымынша, талап ететін сомасы бұдан да көп болуы мүмкін.

Контекст

Қазан айында Астананың экономикалық соты Бишімбаевтың анасы берген алдыңғы талапты ішінара қанағаттандырды. 14 млн теңге көлеміндегі талаптың 6,6 млн теңгесі NazKa жеке кәсіпкерлігінен өндірілді.

Тағы бір 10,6 млн теңге көлеміндегі талап сотта қараусыз қалдырылды.

Қуандық Бишімбаев Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін 24 жылға сотталған.