FlyArystan әуе компаниясы 21 қарашадан бастап Ақтаудан Дубайға тікелей рейстерді қайта бастайды. Ұшақтар аптасына екі рет, сейсенбі және сенбі күндері қатынайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бір бағытқа билет бағасы 85 мың теңгеден басталады. Ұшу уақыты шамамен 5,5 сағат. Жүк өткізу мен ұшақ салонындағы орынды таңдау үшін бөлек ақы төлеу қажет.
Ұшу кестесі
Сейсенбі күні ұшақ Ақтаудан сағат 05:15-те ұшып, Дубайға 09:50-де қонады. Кері рейс 10:55-те ұшып, Ақтауға 17:25-те жетеді.
Сенбі күні Ақтаудан ұшу уақыты – 07:20, Дубайға қону уақыты – 11:55. Кері рейс 13:00-де ұшып, Ақтауға 19:30-да қонады.
Уақыттың барлығы жергілікті уақытпен көрсетілген.
Қазақстан азаматтарына БАӘ-ге бару үшін виза қажет емес. Елде визасыз 30 күнге дейін болуға болады. Шетелдік паспорттың жарамдылық мерзімі кемінде алты ай болуы керек.
Контекст
Еске салайық, FlyArystan наурыз айында Ақтаудан Дубайға рейстерді тоқтатқан еді. 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы соғыс бастағаннан кейін Тегеран Парсы шығанағындағы елдерге, соның ішінде БАӘ-ге зымырандар мен ұшқышсыз аппараттар арқылы соққы жасаған.
Рейстерді қайта бастау мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілді. Кейінгі рет 30 қыркүйекке дейін ұзартылған еді.
Air Astana қазан айында Алматы мен Астанадан Дубайға рейстерді қайта ашты. Алайда бұрынғыға қарағанда сирек ұшады.