×
$
451.87
€
507.31
₽
5.53
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
451.87
€
507.31
₽
5.53

Қазақстанда тағы бір миллиардер пайда болды

Бүгін, 11:16
Қазақстанда тағы бір миллиардер пайда болды
Facebook / Жаслан Мәдиев

Higgsfield жасанды интеллект компаниясының негізін қалаушылардың бірі Алекс Машрабов Қазақстан азаматтығын алды. Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев оған паспортты өзі табыстады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қазақстанның жаңа азаматы

Бұл туралы Жаслан Мәдиев әлеуметтік желідегі парақшасында жазып, жарияланымын «Қазақстанда тағы бір миллиардер көбейді!» деген сөздермен бастаған.

Министрдің айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев Машрабовқа Қазақстан азаматтығын беру туралы жарлыққа 30 қазанда қол қойған.

Мәдиев кәсіпкерге болашағын Қазақстанмен байланыстыру туралы шешімі үшін алғыс айтып, оның компаниясының әлемдік жасанды интеллект нарығындағы жетістіктерін атап өтті.

– Сіз әлемдік нарықта сұранысқа ие, 40 миллионнан астам адам пайдаланатын экспорттық өнім жасадыңыз. Бұл – үлкен жетістік. Президент жасанды интеллектіні дамытуға және таланттарды қолдауға ерекше көңіл бөледі. Болашақ технологияларын жасап жүрген адамдар өз жоспарларын Қазақстанмен байланыстырып, мұнда идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік тапқанын қалаймыз, – деп жазды министр.

Жасанды интеллект империясын құрды

Алекс Машрабов, Александр Машрабов деген атпен де белгілі, – бұған дейін Snapchat әлеуметтік желісіне иелік ететін америкалық Snap компаниясында жұмыс істеген кәсіпкер.

Ол бұған дейін кескіндерді өңдеу технологияларымен айналысатын AI Factory стартапын құрған. 2020 жылы Snap бұл жобаны 166 миллион долларға сатып алды.

2023 жылы Машрабов серіктестерімен бірге Higgsfield компаниясының негізін қалады. Оның негізін қалаушылардың арасында қазақстандық машиналық оқыту маманы Ерзат Дулат та бар.

Компания жасанды интеллект көмегімен суреттер мен видеолар жасауға және өңдеуге арналған платформа әзірлейді. Оның құралдары жарнамада, әлеуметтік желілерде және видео өндірісінде қолданылады.

2026 жылғы тамызда Higgsfield 400 миллион доллар инвестиция тартты. Осыдан кейін компанияның құны 5,4 миллиард долларға бағаланды.