×
$
447.14
€
499.54
₽
5.46
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
447.14
€
499.54
₽
5.46

Қытай Трамп, Путин және Си Цзиньпиннің кездесуіне қатысты келіссөз жүріп жатқанын растады

Бүгін, 16:20
Қытай Трамп, Путин және Си Цзиньпиннің кездесуіне қатысты келіссөз жүріп жатқанын растады
Ulysmedia.kz коллажы

Қытай Ресей және АҚШ басшыларымен кездесу өткізу мүмкіндігін талқылап жатқанын растады. Егер тараптар келісімге келсе, Дональд Трамп, Владимир Путин және Си Цзиньпин бір үстел басына жиналуы мүмкін. Алайда Мәскеу, Вашингтон және Бейжің алдағы саммитте талқыланатын мәселелерге әртүрлі көзқарас танытып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қытай не дейді?

Қытай Сыртқы істер министрлігінің өкілі Мао Нин Бейжің үш президенттің ықтимал кездесуіне қатысты Мәскеу және Вашингтонмен байланыс орнатып отырғанын хабарлады.

AFP агенттігінің мәліметінше, келіссөздер 18–19 қарашада Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭС) саммиті өтетін Қытайдың Шэньчжэнь қаласында ұйымдастырылуы мүмкін.

Алайда тараптар әзірге түпкілікті келісімге келген жоқ. Сондай-ақ, үш ел басшысының нақты қандай мәселелерді талқылайтыны белгісіз.

Путин нені көздеп отыр?

The Wall Street Journal басылымының бұған дейін хабарлауынша, үшжақты кездесу өткізу туралы ұсынысты Владимир Путин 9 қазанда Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлескен кезде айтқан.

Басылым дереккөздерінің мәліметінше, Ресей президенті Украина мен Еуропа елдерінің қатысуынсыз соғысты аяқтау шарттарын талқылауды көздейді.

Кремль мұндай келіссөз өткізу мүмкіндігі қарастырылып жатқанын растады. Дегенмен әзірге нақты шешім қабылданбаған.

Трамптың жоспары басқа

АҚШ президенті Путин және Си Цзиньпинмен кездесу өткізу мүмкіндігін жоққа шығармады.

Алайда тараған мәліметтерге қарағанда, Трамп Украинадағы соғыстан гөрі ядролық қарусыздану мәселесіне басымдық бергісі келеді.

Сондықтан үш ел басшысы кездесуге келіскен күннің өзінде, алдымен қандай мәселелерді талқылайтынын нақтылап алуы керек.

Қытай Украина мәселесін Еуропасыз талқылағысы келмейді

Ал Бейжіңнің Украинаға қатысты ұстанымы Мәскеудің болжамды жоспарынан өзгеше.

Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайер ARD телеарнасына берген сұхбатында Қытайға сапары кезінде Си Цзиньпинмен үшжақты саммит өткізу мүмкіндігін талқылағанын айтты.

Штайнмайердің сөзінше, Қытай басшысы Бейжің Украина мәселесі бойынша мұндай форматта келіссөз ұйымдастыруға дайындалып жатпағанын жеткізген.

Си Цзиньпин соғыстың ең алдымен Еуропаның қауіпсіздігіне әсер ететінін, сондықтан бұл мәселені талқылауға Еуропа мемлекеттері де қатысуы керегін атап өткен.

Украина қалай қабылдады?

Киев Украина өкілдерінің қатысуынсыз келіссөз өткізу бастамасын сынға алды.

Украинаның сыртқы істер министрі Андрей Сибига елдің болашағына қатысты мәселелерді Украинасыз талқылауға қарсы екенін мәлімдеді.

Оның пікірінше, мұндай кездесу Мәскеудің ұстанымын күшейтіп, Ресейді соғысты жалғастыруға итермелеуі мүмкін.