×
$
447.14
€
499.54
₽
5.46
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
447.14
€
499.54
₽
5.46

РФММ-ны балалардың жаппай улануынан кейін Құрылтайға депутат болуға үміткер болған азамат басқарды

Бүгін, 11:05
РФММ-ны балалардың жаппай улануынан кейін Құрылтайға депутат болуға үміткер болған азамат басқарды
Ulysmedia коллажы

Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің (РФММ) филиалына Алмаз Күнғожин директор болып тағайындалды. Ол 2018-2023 жылдары да мектепті басқарған. Бұған дейін директор болған Мейірлан Мейірбек оқушылардың жаппай улануынан кейін қызметінен кеткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Мектептің баспасөз қызметінің мәліметінше, Алмаз Күнғожиннің өзі де РФММ түлегі. Математика ғылымдары бойынша PhD дәрежесі бар. Әр жылдары мектепте сабақ берген, оқушыларды математика олимпиадаларына дайындаған және директордың орынбасары қызметін атқарған.

2023 жылдың қыркүйегінен бастап Күнғожин «РФММ» КеАҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары болған.

Сонымен қатар ол «Байтақ» жасылдар партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат ретінде сайлауға түскен.

– Сіздер мені білім саласындағы жұмысым арқылы танисыздар. Алайда балаларымызға сапалы біліммен қатар, өмір сүруге қолайлы әрі қауіпсіз орта да қажет. Сондықтан депутаттыққа кандидат болуды ұйғардым, – деп жазған ол Instagram парақшасында.

Контекст

Еске салайық, қазан айында Алматыдағы РФММ оқушылары жаппай уланып қалған еді. Барлығы 58 бала ауруханаға түсті, тағы екеуі үйде емделген.

Тексеру нәтижесінде асханаға қызмет көрсететін MasterFood компаниясының төрт қызметкерінен алтын түсті стафилококк анықталды. Сонымен қатар дайын тағамдар мен ыдыстардан ішек таяқшасы табылған.

8 қарашада ата-аналар мен мектеп түлектері әлеуметтік желіде Мейірлан Мейірбектің қызметінен босатылғанын хабарлады. Олардың көпшілігі бұл шешіммен келіспеген.

– Директорды жұмыстан шығарып, оны кінәлі етіп көрсету – үлкен қателік, – деп жазды оныншы сынып оқушыларының бірінің анасы.

Сізге қызық болуы мүмкін