Алматы халықаралық әуежайының құрылыс жұмыстары жүріп жатқан перрон аумағында жазатайым оқиға болып, мердігер ұйымның бір қызметкері қаза тапты. Полиция адам өліміне әкелген еңбекті қорғау қағидаларын бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Не белгілі?
Әуежайдың баспасөз қызметінің мәліметінше, қайғылы оқиға құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан перрон аумағында болған. Оқиға салдарынан мердігер ұйымның бір қызметкері көз жұмған.
Алматы халықаралық әуежайы тергеу жүргізіп жатқан уәкілетті мемлекеттік органдарға қажетті көмек көрсетіп, олармен өзара іс-қимыл жасап жатыр.
– Тергеу аяқталып, оқиғаның барлық мән-жайы анықталғанға дейін қосымша түсініктеме бере алмаймыз, – деп хабарлады әуежайдың баспасөз қызметі.
Әуежай ұжымы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Контекст
Көліктегі полиция департаменті адам өліміне әкеп соққан еңбекті қорғау қағидаларын бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.