Ақмола облысының Шортанды ауданында жүк пойызы теміржол үстінде отырған ер адамды қағып кетті. Ол алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оқиғаның мән-жайы
Қайғылы жағдай 19 қараша күні күндіз Шортанды мен Дамса ауылдарының арасында, болжам бойынша теміржолдың 428-шақырымында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, 47 вагоны бар жүк пойызы сағатына шамамен 64 шақырым жылдамдықпен келе жатқан. Машинист локомотивтен шамамен 300 метр қашықтықта рельстің үстінде отырған ер адамды байқағанын айтқан. Ол шұғыл тежеу жүйесін іске қосқанымен, пойызды уақытында тоқтата алмаған.
Қаза тапқан азамат Шортанды ауылының тұрғыны болған.
Полиция не дейді?
Көліктегі полиция департаменті ер адамның өліміне байланысты тергеу басталғанын растады.
– 19 қарашада Астана станциясындағы Көліктегі полиция басқармасы теміржол көлігінің қозғалысы немесе оны пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады, – деп хабарлады ведомство.
Полиция теміржолды тек белгіленген жерлерден кесіп өту қажеттігін еске салды. Сондай-ақ теміржолға жақындағанда пойыздың келе жатқанын дер кезінде байқау үшін құлаққап пен капюшонды шешу керектігін ескертті.