АҚШ-тың бірінші ханымы Мелания Трамп Ресей мен Украина 25 желтоқсанға дейін атысты тоқтату туралы келісімге келе алады деп үміттенеді. Оның пікірінше, екі тарап та ниет білдірсе, бұған қол жеткізуге болады. Бұл туралы ол Fox News арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сұхбат барысында журналист Мелания Трамптан Рождество мерекесіне қандай сыйлық алғысы келетінін сұраған. АҚШ-тың бірінші ханымы ең алдымен әлемде бейбітшілік орнап, соғысты тоқтатуға бағытталған жаңа келісімдер жасалғанын қалайтынын жеткізді.
«Әрине, ең басты тілегім – бүкіл әлемде бейбітшілік орнауы. Бірақ бәрінен бұрын қақтығыстардың тоқтағанын қалаймын. Украина мен Ресейдің екеуі де қаласа, біз бұған өте тез қол жеткізе аламыз», – деді ол.
Мелания Трамп алдағы бірнеше аптада екі елдің жаңа келісімге келуі мүмкін екенін де жоққа шығармады.
«Мүмкін, Рождествоға дейін тағы бір атысты тоқтату туралы келісім жасалар. Мен соған үміттенемін», – деп қосты ол.
АҚШ-тың бірінші ханымы Херсон облысындағы Олешки қаласында жүргізілген гуманитарлық операцияға да тоқталып, оны үлкен жетістік деп бағалады.
Бұған дейін Мелания Трамп гуманитарлық мәселелер бойынша Ресей мен Украина өкілдерінің байланыс орнатуына атсалысқан.
Ол мұндай бастамалар соғыстан зардап шеккен адамдарға көмектесіп қана қоймай, екі елдің алдағы уақытта келіссөз жүргізуіне де жол ашады деп үміттенеді.
Еске салайық, 5 қарашада Ақ үйде Мелания Трамптың атсалысуымен Ресей мен Украина өкілдерінің кездесуі өткен еді.
АҚШ-тың бірінші ханымы екі ел басшылығына жеке жолдауын жеткізген.
Ресей делегациясының құрамында Яна Лантратова мен Кирилл Дмитриев болды. Ал Украина атынан Жоғарғы Раданың адам құқықтары жөніндегі уәкілі Дмитрий Лубинец пен «Халық қызметшісі» фракциясының жетекшісі Давид Арахамия қатысты.
Кездесуде талқыланған негізгі мәселелердің бірі Херсон облысындағы Олешки қаласында жүргізілген гуманитарлық операция болды.
Мелания Трамптың айтуынша, ол бұл операцияны дайындауға тікелей қатысып, Мәскеу мен Киев арасындағы байланысты жолға қоюға көмектескен.
Сонымен қатар, АҚШ-тың бірінші ханымы 2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Ресейге әкетілген украиналық балаларды отанына қайтару мәселесімен де айналысып жүр.
Бұған дейін гуманитарлық жұмыстардың нәтижесінде ондаған баланың Украинаға қайтарылып, соғыс салдарынан бір-бірінен ажырап қалған отбасылардың қайта қауышқаны хабарланған еді.
Украина президенті Владимир Зеленский бұған дейін Мелания Трампты гуманитарлық жұмыстарға қосқан үлесі үшін орденмен марапаттаған.