Құрылтайда журналистерге берген сұхбатында ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова киік етін өңдеу саласында қиындықтар туындағанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Назгүл Хатепованың журналистер сұрағына берген жауабына қарағанда, былтырдан бері еліміздің кейбір өңірінде киік етін өңдеу басталған.
– Мысал ретінде Батыс Қазақстанда орналасқан «Кублей» компаниясын айтуға болады. Былтыр олар ет өңдеп, ішкі нарыққа шығара бастады. Ұлытау облысында да бір кәсіпорын бар, – деді Назгүл Хатепова.
Алайда өндірісті одан әрі кеңейту кезінде қиындықтар туындаған. Тіпті жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар да қазір өндіріс көлемін қысқартуға мәжбүр. Бұған киік етінен жасалған консервілерге сұраныстың төмендігі себеп.
Вице-министрдің айтуынша, елімізде киік етін өңдейтін өндіріс желілерін іске қосуға дайын кәсіпорындар да бар. Бірақ олар мұндай қадамға тек өнімге сұраныс болған жағдайда ғана бармақ.
Контекст
2025 жылы Қазақстанда киік ату басталды. Бұл шешімге экологтар мен жануарларды қорғаушылар қатаң сын айтты.
Кейін сарапшылар киік етін тұтыну адам денсаулығына қауіпті болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұған қоса, кейбір мамандар киік етін халал өнімге жатқызбайды.