×
$
455
€
498.77
₽
5.56
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
455
€
498.77
₽
5.56

«Барлық мүлікті иемденгісі келеді»: ұсталған шенеуніктің анасы мәлімдеме жасады

Бүгін, 13:00
«Барлық мүлікті иемденгісі келеді»: ұсталған шенеуніктің анасы мәлімдеме жасады

Ақтөбеде бұрынғы әйелін қорқытып, қудалады деп айыпталған әкімдік қызметкері Еркебұлан Таласпаев қамауда. Оқиғадан кейін мемлекеттік қызметкердің анасы Тұрсынбике Нұрғалиева пікір білдірді. Оның айтуынша, бұрынғы ерлі-зайыпты арасында мүлікке қатысты дау бар, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Ақтөбе облысы әкімдігінің қызметкері Еркебұлан Таласпаев 20 қарашада ұсталды. Ақтөбе облысының полиция департаменті оның уақытша ұстау изоляторына қамалғанын растады. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетов Таласпаевтың бөлім басшысы қызметін атқаратынын хабарлады.

Ұлы ұсталғаннан кейін анасы Тұрсынбике Нұрғалиева редакцияға хабарласып, оқиғаның өз нұсқасын баяндаған. Оның айтуынша, Еркебұлан мен Ақбота Серік үш жыл бұрын ажырасқанымен, әлі күнге дейін мүлік бөлу мәселесін шеше алмай келеді.

Дәйексөз

– Балам арақ ішпейді, темекі тартпайды. Бес қыздан кейін көрген ұлдың үлкені. Қазір орман шаруашылығы саласында жұмыс істейді. Үш бөлмелі пәтерді бөлісу кезінде ортақ келісімге келе алмады. Үйдің жартысын бір-бірінен сатып алу туралы ұсыныстар болғанымен, мәмілеге келмеді. Олардың ажырасқандарына үш жылдан кетті. Мүліктің бәрін алғысы келеді. Оның үйі жоқ, үйінен алып келген малы жоқ, – деді күдіктінің анасы. 

Сондай-ақ ол 43 миллион теңгенің малы жоғалды деген айыптауларды жоққа шығарды. Оның сөзінше, бұл талаптар бұған дейін сотта қаралған.

Тұрсынбике Нұрғалиеваның айтуынша, кейінгі төрт айда бұрынғы ерлі-зайыптының үш баласы әкесімен бірге тұрған. Немерелеріне көмектесу үшін ол ұлының үйіне келген.

Ұсталған шенеуніктің анасы Ақбота Серік әлеуметтік желіде жариялаған бейнежазбаға да қатысты пікір білдірді. Оның нұсқасы бойынша, кадрлар үш жыл бұрын түсірілген, ал видео жарияланғаннан кейін ұлы ұсталған.

– Менің ұлым Еркебұланды жұма, 20 қарашада сағат 17:40-та ұстады. Не үшін? Қандай негізде? Төрт ай бойы ол үш баласына өзі қарады. Жұмысын жалғастыру үшін балаларға көмектессін деп мені шақырды. Қолда бар дәлелдер мен сараптама қорытындылары бойынша заң аясында шешілген мәселе неге қайта-қайта көтеріледі? – делінген Нұрғалиеваның мәлімдемесінде.

Ол бұрынғы ерлі-зайыпты мен олардың туыстары арасында бірнеше рет сот процесі болғанын да айтты. Анасының сөзінше, ұлына тағылған бұрынғы айыптардың бір бөлігі расталмаған.

Алайда әйел сілтеме жасаған құжаттар редакцияға ұсынылмаған. Сондықтан бұл мәлімдемелерді тәуелсіз түрде растау мүмкін емес. Шенеуніктің анасы істі объективті тергеуді талап етіп, немерелерінің тағдырына алаңдаушылық білдірді.

Контекст

Бұған дейін Ақбота Серік бұрынғы күйеуі ажырасқаннан кейін де өзіне қорқыту мен қысым көрсеткенін айтты. Ал полиция қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Сізге қызық болуы мүмкін