×
$
458.28
€
501.45
₽
5.59
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
458.28
€
501.45
₽
5.59

Екібастұздағы ГРЭС-1-де жұмысшы қаза тапты: әлеуметтік желіде екі адам өлгені жазылды

Бүгін, 16:10
Екібастұздағы ГРЭС-1-де жұмысшы қаза тапты: әлеуметтік желіде екі адам өлгені жазылды
new.samruk-energy.kz

Қазақстандағы ең ірі электр станциясы – Екібастұз ГРЭС-1-де мердігер ұйымның жұмысшысы қаза тапты. Ал жергілікті пабликтердің бірінде оқиға салдарынан екі адам көз жұмғаны жазылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Өткен аптада Instagram желісіндегі «Жалоба Экибастуз» паблигінде станция аумағында екі адамның қаза тапқаны туралы ақпарат жарияланды. Жазба авторлары кәсіпорындағы қауіпсіздік техникасы мен күзет қызметінің жұмысын да сынға алған.

– Олардың қалай жұмыс істейтіні, немен айналысатыны түсініксіз. Бір сөзбен айтқанда, бассыздық, – делінген жарияланымда.

Павлодар облысының мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті «Ақ Жайық» басылымына бір адамның қаза тапқанын растаған. Өндірістегі жазатайым оқиға 19 қарашада мердігер ұйымның қызметкерімен болған. Ведомствода екінші адамның қаза тапқаны туралы мәлімет жоқ.

Қазір еңбек инспекциясы арнайы тергеу жүргізіп жатыр. Өндірісте адам өліміне әкеп соққан немесе топтық жазатайым оқиғалар кезінде арнайы тергеу тағайындалады. Комиссия қайғылы жағдайдың себептерін анықтап, оған кім жауапты екенін белгілейді.

Қаза тапқан жұмысшының аты-жөні, жасы мен лауазымы, сондай-ақ оқиғаның мән-жайы жарияланған жоқ.

«Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС-нің жалғыз иесі – «Самұрық-Қазына» қорына кіретін «Самұрық-Энерго» АҚ. Электр станциясының белгіленген қуаты – 4 000 МВт.

Контекст

Еске салайық, 2024 жылғы маусымда Екібастұз ГРЭС-1-де апат болды. Станция төрт энергоблокты тоқтатып, электр энергиясын өндіру көлемін 2 080 МВт-тан 320 МВт-қа дейін қысқартты. Осыдан кейін Екібастұз билігі төтенше жағдай режимін енгізуге дайындалды.

2025 жылғы шілдеде прокурорлар ГРЭС-1-дің 421 млн теңге салықты төлемегенін анықтады. Кәсіпорын берешегін өз еркімен өтеді.

Бұған дейін Павлодардағы №2 жылу электр орталығында қосалқы мердігер ұйымның 33 жастағы дәнекерлеушісі қаза тапқан еді. Жазатайым оқиға жабдықтарды бөлшектеу кезінде болған.

Сізге қызық болуы мүмкін