Мемлекеттік айыптаушы қоғам белсендісі Санжар Боқаевты орташа қауіпсіздік мекемесінде 12 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Бейсенбі күні Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында тараптардың жарыссөзі басталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Боқаевтың жиені Мадияр Қалменовке прокуратура 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Ал кінәсін мойындаған видеограф Ұлан Нүсіпқожаға 2,5 жыл бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды ұсынды.
Боқаевқа Қылмыстық кодекстің бес бабы бойынша айып тағылған. Олар: алаяқтық, ақшаны жылыстату, ұрлық, көрінеу жалған ақпарат тарату және ағаштарды заңсыз кесу.
Айыптау нұсқасы бойынша, Боқаев пен Қалменов автокеруен шығындарының сметасын әдейі өсіріп көрсетіп, кәсіподақтың 42 миллион теңгеден астам қаражатын иемденген.
Бұдан бөлек, прокуратураның пайымдауынша, Боқаев пен Нүсіпқожа әлеуметтік желілерге заңбұзушылықтар туралы видео түсіру үшін Үлкен Алматы өзенінің жағасындағы гранит тақталарды өздері әкетуді және Баум тоғайындағы ағаштарды кесуді ұйымдастырған.
Нүсіпқожа қазан айында кінәсін мойындап, бұрынғы жұмыс берушісіне қарсы жауап берген.
Боқаев 18 наурыздан бері қамауда отыр. Оған қатысты сот процесі 16 қазанда басталған.
Контекст
Еске салайық, 24 қарашада сот отырысында Боқаев пен Нүсіпқожаның телефон арқылы сөйлескен жазбасы тыңдалды. Онда Боқаев видеографты гранит тақталарды әкету сәтін сәтсіз түсіргені үшін сөгіп, жұмысына «екі» деген баға берген.
Айыптау нұсқасы бойынша, бұл жазба гранит тақталарды ұрлау әрекеті алдын ала ұйымдастырылғанын дәлелдейді.
Бұған дейін сот қорғау тарапы негізгі куәгер деп таныған бригадир Ахлиддин Хамракуловтан жауап алудан бас тартқан. Прокуратура сот отырысына дейін оның сотталушылардың туыстарымен және адвокаттарымен сөйлескенін мәлімдеген.
Осыдан кейін адвокаттар судьяға қарсылық білдіріп, наразылық ретінде сот залынан шығып кеткен.