Алматының Бостандық ауданында 26 қарашаға қараған түні жеке үйден өрт шығып, бес адам қаза тапты. Олардың арасында кәмелетке толмаған бала бар.
Қазір өртенген үйдің айналасы түгел қоршауға алынған. Оқиға орнында полиция, өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем қызметкерлері жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz тілшісі оқиға орнынан.
Полиция өртенген үйге апаратын барлық жолды жауып тастаған. Қоршаудан ешкімді өткізбейді. Шектеу көршілес үйлердің тұрғындарына да әсер еткен. Олар жұмысқа шыға алмай отыр. Кейбір тұрғындар аумақтан айналма жол арқылы шығып үлгерген. Алайда біраз уақыттан кейін полиция ол жолдарды да жауып тастаған.

Қоршаудан өте алмай тұрған жергілікті тұрғындардың бірінің айтуынша, өртенген үйде көптен бері ешкім тұрмаған. Өрт шыққан кезде ғимарат ішінде кім болғаны және қаза тапқандардың үйге қалай кіргені әзірге белгісіз.
Өрт туралы әлеуметтік желілерде түнде-ақ жазыла бастаған. Оқиға куәгерлері айқайлаған адамдардың дауысын естігенін айтады.
«Алматыда Rams City тұрғын үй кешенінің қарсы бетінде шамамен 15 минут бұрын өрт шықты. Адамдар қатты айқайлады», – деп жазған тұрғындардың бірі.
«Біз қарсы беттегі көршіміз. Төтенше жағдай қызметтерін шақырдық. Өртеніп кеткен баланы көрдім. Енді ұйықтай алмай отырмын», – деді тағы бір қала тұрғыны.

Өрт туралы хабар 112 пультіне сағат 03:44-те түскен. Өрт сөндірушілер төрт минуттан кейін оқиға орнына жеткен. Олар келген кезде үйді жалын шарпып үлгерген.
Құтқарушылар өртті сағат 04:42-де толық сөндірді. Тілсіз жаумен күреске Төтенше жағдайлар департаментінің 35 қызметкері мен тоғыз техника жұмылдырылған.

Алматы қалалық полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Өрттің шығу себебі мен адамдардың қаза болу жағдайы анықталуда», – деп мәлімдеді полиция.