Семейлік екі асаба Абай облысының әкімі Берік Уәлиді мадақтап, ән жазып шығарды. Әнде шенеунікке жаңа асфальт төсегені, жемқорлықпен күрескені және қаланың гүлденуіне үлес қосқаны үшін алғыс айтылған. Бейнежазба әлеуметтік желіде қызу талқыланып, облыс әкімінің баспасөз хатшысы әкімдіктің бұл іске қатысы жоқ екенін түсіндіруге мәжбүр болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Уәлиге қошемет
Бейнежазбаның авторлары – Ернұр Дүйсен мен Қуантқан Қуанышханұлы. Олар туындысын «Әкімге қошемет» деп атаған.
Әнде Берік Уәли қиындықтардан қаймықпайтын, жемқорларды қызметінен кетіретін басшы ретінде сипатталады. Әсіресе, әннің қайырмасында орындаушылар әкімді қамқоршысы, қорғаушысы әрі байлығы деп мадақтайды.
Ән мәтінінен үзінді:
– Өзі жемей, гүлдендірген қаласын, әкімге қошемет соғыңдар! Қорықпайтын қиыншылық-қайғыңнан, көшелерге жаңа асфальт жайдырған, жемқорларды жұмысынан тайдырған. Бекеңе қошемет соғыңдар! Қамқоршым, қорғаным, барым, байлығым – әкімім.
Әкімдік әнге қатысы жоғын мәлімдеді
Облыс әкімінің баспасөз хатшысы Азамат Қасымның айтуынша, бейнежазба 25 қараша күні кешке Instagram мен TikTok желілерінен анықталған. Авторлардан видеоны дереу өшіру талап етілген. Олар жазбаны алып тастағанымен, видео мессенджерлерде тарап үлгерген.
– Бұл бейнежазбаның облыс әкімдігіне, оның құрылымдық бөлімшелеріне немесе өңірдің мәдениет мекемелеріне ешқандай қатысы жоқ. Оны түсірген азаматтар мемлекеттік органдардың немесе мәдениет ұйымдарының қызметкерлері емес. Бейнежазба жеке бастамамен дайындалып, жарияланған. Облыс әкімдігі тарапынан мұндай мазмұндағы материалдарды әзірлеу немесе тарату жөнінде ешқандай тапсырма берілген жоқ, – деп түсіндірді Азамат Қасым.
Берік Уәли туралы
Бұрын журналист болған Берік Уәли 2025 жылғы 17 ақпаннан бері Абай облысының әкімі қызметін атқарады. Бұл қызметке тағайындалғанға дейін Қазақстан президентінің кеңесшісі – баспасөз хатшысы болды. Сондай-ақ «Хабар» агенттігін басқарған.
Еңбек жолын журналистикадан бастаған. Қазақстан телеарналарында тілші, редактор және тележүргізуші болып жұмыс істеген.