Алматы тұрғыны балаларға арналған инфекциялық ауруханалардың лық толып, дене қызуы көтерілген балалардың дәлізде медициналық көмек күтіп отырғанына байланысты Денсаулық сақтау министрлігіне шағымданды. Ал Алматы қалалық балалар клиникалық инфекциялық ауруханасы кезектің ұзаруына ата-аналардың емханаға бармай, бірден стационардың қабылдау бөліміне жүгінуі де әсер ететінін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ұлжалғас Әбдірова Threads әлеуметтік желісінде Денсаулық сақтау министрлігі мен Алматының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына үндеу жариялады. Оның айтуынша, отбасы бір айдан астам уақыттан бері ауруханалар мен емханалардың арасында сабылып жүр.
– Инфекциялық ауруханада бос орын жоқ. Адамдар дәлізде отыр, тіпті ортақ залдар да лық толы. Ересектер, балалар, сәбиін көтерген ата-аналар – бәрі медициналық көмек күтуге мәжбүр. Инфекция толқыны қашан басылады деп сұрасақ, "алғашқы аяз түскеннен кейін" деген жауап естиміз, – деп жазды ол.
Әбдірова Алматының жыл сайын қазан-қараша айларында инфекциялық аурулардың маусымдық өсуіне неге дайын болмайтынын сұрады. Сондай-ақ ол қосымша инфекциялық төсек-орындарды неге алдын ала ашпайтынын және емханалардың жұмысын неге күшейтпейтінін білгісі келеді.
Бұған қоса, мемлекеттік ауруханаларда орын болмағандықтан жекеменшік клиникаларға жүгінетін отбасылардың жағдайын тексеруді сұрады. Оның сөзінше, мұндай медициналық мекемелерде талдау тапсыру мен емделуге қомақты қаражат жұмсауға тура келеді.
– Бізге мұның жыл сайын қайталанатынын түсіндіру емес, нақты шешімдер, алдын алу шаралары мен іс жүзіндегі әрекеттер қажеn, – деп жазды Әбдірова.
Аурухана не деп жауап берді?
Алматы балалар клиникалық инфекциялық ауруханасы жазба астындағы пікірлерде шағымға жауап берді. Медициналық мекеме кезектің ұзаруына ата-аналардың емханаға бармай, бірден ауруханаға келуі де себеп екенін айтады.
– Ата-аналардың едәуір бөлігі алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымдарға жүгінбей, тікелей стационарлардың қабылдау бөлімдеріне келеді. Бұл әсіресе кешкі және түнгі уақытта жиі байқалады, – делінген аурухана жауабында.
Аурухана мәліметінше, кезектің көбеюіне бірнеше баласы бар отбасылардың келуі, талдау нәтижелерін күту, сондай-ақ қалаға іргелес ауылдар мен аудандардан науқастардың ағылуы да әсер етеді.
Бұдан бөлек, ауруханаға келгендердің бәрін бірдей стационарға жатқызу қажет емес. Балалар медициналық жағдайының ауырлығына қарай қабылданады. Ең алдымен шұғыл көмекке мұқтаж науқастарға басымдық беріледі.
Мекемеде қабылдау бөлімдеріндегі дәрігерлер, медбикелер мен әкімшілік қызметкерлерінің саны артқан. Қажет болған жағдайда резервтегі төсек-орындар да ашылады.
Аурухана өкілдері өткен жылмен салыстырғанда балалар арасындағы аурушаңдық айтарлықтай өзгермегенін, инфекциялардың маусымдық өсуі жыл сайын қайталанатынын атап өтті.
Бұған дейін не белгілі болды?
Еске салайық, 1-20 қараша аралығында Алматыдағы балалар инфекциялық ауруханасына 14 мыңнан астам адам жүгінген. Оның 2 773-і ауруханаға жатқызылған.
Науқастар санының артуына байланысты мекемедегі төсек-орын саны 360-тан 427-ге дейін көбейтілді.
Еліміз бойынша балаларға арналған инфекциялық бөлімшелердің төсек-орындары қазір 72 пайызға толған. Өңірлерде қосымша төсек-орындар жүктеме 85 пайызға жеткенде ашыла бастайды.