Қазақстанда мәслихат депутаттарын сайлау жалғасып жатыр. Сағат 14:00-дегі жағдай бойынша сайлаушылар тізіміне енгізілген азаматтардың 45,46%-ы дауыс берген. Ең жоғары көрсеткіш Жетісу облысында, ал ең төмен көрсеткіш Алматыда тіркелді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сағат 14:00-ге дейін Жетісу облысында сайлаушылардың 58,35%-ы дауыс берген. Түркістан және Қызылорда облыстарының тұрғындары да жоғары белсенділік танытты. Бұл өңірлерде сайлаушылардың тиісінше 56,91%-ы және 56,38%-ы дауыс берген.
Шығыс Қазақстан облысында сайлаушылардың 54,46%-ы, Ақтөбе облысында 54,17%-ы, Абай облысында 51,82%-ы дауыс берген. Алматы облысында да сайлаушылардың жартысынан астамы, яғни 51,36%-ы өз таңдауын жасаған.
Әзірге ең төмен көрсеткіш Алматыда тіркеліп отыр – 25,72%. Шымкентте сайлаушылардың 32,74%-ы, Астанада 33,27%-ы дауыс берген.
Қарағанды облысында бұл көрсеткіш 44,76%-ды, Солтүстік Қазақстан облысында 43,74%-ды, Ұлытау облысында 43,63% болды.
Қалған өңірлерде дауыс берген сайлаушылардың үлесі 46–49% аралығында.
Еске салайық, 29 қарашада Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау өтіп жатыр. Ел бойынша 228 жергілікті өкілді органға 3 447 депутат сайланады. Сайлаушылар тізіміне 12,6 миллионнан астам азамат енгізілген.
Республика бойынша мыңдаған сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Оның ішінде Астанада 446, Алматыда 670, Алматы облысында 683 сайлау учаскесі бар.