АҚШ өткен аптада пандемия басталғаннан бері бірінші рет әлемнің түкпір-түкпірінен келушілерге шектеулерді жеңілдетіп, вакцина ектірген шетелдік саяхатшыларға есігін ашатынын жариялады, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
washingtonpost.com-ның мәліметінше, қараша айында күшіне енетін жаңа ереженің Sputnik V вакцинасын қабылдағандарға қатысы жоқ.
АҚШ-тың Саяхат қауымдастығының мәліметі бойынша, дипломатиялық қатынастары керемет болмаса да 2019 жылы АҚШ-қа 300 000 ресейлік азамат саяхаттап барған.
«Ресейлік саяхатшылар мен Sputnik V вакцинасын ектірген басқа да мемлекеттің адамдары үшін бұл үлкен мәселе», - дейді Вирджиния Достастық университетінің профессоры Джудит Твигг.
АҚШ-тың жаңа ережесі бойынша, бұл жаққа келгісі келетін адам АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы немесе Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы төтенше жағдайда қолдануға рұқсат етілген вакцинаны егуі керек. Бұған Pfizer мен Moderna шығарған вакциналар, сондай-ақ Sinopharm және Sinovac сияқты қытайлық фирмалар жасаған вакциналар кіреді.