«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының жұмысын халықаралық аудит тексеріп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов мәлім етті.
«АрселорМитталда» соңғы қайғылы жағдайдан кейін тергеу жүргізілгенін білесіздер. Оқиға 100 пайыз өндіріспен байланысты болған. Кінәлілер анықталды. Бірақ тапсырма бойынша қазір ол жерде халықаралық аудит жұмыс істеп жатыр. Әуелі біз Бас прокуратураның тапсырмасы бойынша еңбек инспекторларымен бірге, басқа да бақылаушы органдармен бірге аталған кәсіпорынға кіріп, тексеру жүргіздік. Қазір ол тексеру тоқтатылды. Өйткені халықаралық аудит жұмысын бастап кетті», - деді ол.
Оспанқұловтың сөзінше, халықаралық аудит жұмысы шамамен мамыр айында аяқталады.
«Халықаралық аудит тек қана еңбек қауіпсіздігі бойынша емес, экология, өнеркәсіп қауіпсіздігі, төтенше жағдайлар саласы сияқты бүкіл сектор бойынша жалпы аудит жүргізеді. Тіркелген қайғылы жайттардың себебіне қарасақ, қондырғылар ескіргені және жаңартылмағаны айтылған. Одан басқа да қыруар ұйымдастыру жұмыстары бар. Сондықтан аз ғана күту керек. Халықаралық аудит ақырғы шешімін шығарады», - деді комитет төрағасы.
Айта кетейік, былтыр 3 қарашада Шахтинск қаласындағы Ленин атындағы шахтада апат болып, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның 4 жұмысшысы қаза тапқан.
Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Содан бері монополистің жұмысы жіті тексеріліп жатыр.
Бір жыл ішінде «АрселорМиттал Теміртау» компаниясында өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзудың 2 мыңға жуық дерегі анықталды.
Жалпы, ел кәсіпорындарында өндірістік апаттар салдарынан соңғы жылда 15 адам қаза тапқан.